Павлодарда телефонға алаңдаған жүргізушілер көш бастады
Тәртіп сақшылары жол ережесін бұзуға әкелетін үздік үш себепті атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Ауқымды тексерудің басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларына тікелей әсер ететін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесу.
Рейдтің алғашқы екі күнінде патрульдік полиция қызметкерлері 222 құқық бұзушылықты анықтады. Антирейтингтің көшін көлік жүргізу кезінде гаджетке алаңдаған жүргізушілер бастады. Ұялы телефон пайдаланғаны үшін 27 жүргізуші жауапқа тартылды. Екінші орында міндетті мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендер — 16 дерек тіркелді. Үздік үштікті тіркелмеген немесе мемлекеттік нөмірсіз көлік құралдарын басқарған жүргізушілер түйіндеді.
— Әрбір дерек бойынша барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаты — облыс тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Азаматтарды тексеру шараларына түсіністікпен қарауға шақырамын, — деді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Бұдан бөлек, инспекторлар мас күйінде көлік жүргізу, қауіпті маневр жасау және автокөлікті заңсыз қайта жабдықтау секілді ондаған қауіпті құқық бұзушылықтардың жолын кесті.
Айта кетедік, «Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасы 25 мамырға дейін жалғасады