Павлодарда тойға барған қонақтар арасында уланғандардың саны артты

Әлі күнге дейін мейрамханадағы мерекеден кейін өзін нашар сезінген адамдар ауруханаға жүгінуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 7 маусымда болған қыз ұзатудан ауруханаға 21 адам жатқызылды. Бұған дейін 15 адам жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілсе, 14 адам үйлерінен ем алуға жіберілді.
Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы интоксикация, диарея және гипертермиялық синдромға байланысты орташа ауыр деп бағалануда. Олар толықтай ем қабылдап жатыр.
Мекеме қонақтардың жаппай уланғанын біліп, банкеттерді өткізуді жалғастырған. Осылайша сол мейрамханада 8 маусымда тағы бір той өтіп, адамдар уланды.
Қала тұрғыны Айдана Жапар ата-анасының 25 жылдық мерейтойында 114 адам болғанын айтады.
– 8 маусымда болған іс-шарадан бес адам ауруханаға жатқызылды, ал екі адам амбулаторлық емделуге жіберілді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.
Болған оқиғаларға байланысты аталған мекеменің қызметіне тыйым салу туралы қаулы шығарылды.
Еске сала кетейік, жаппай уланудан кейін санэпидстанция тексеру жүргізуде. Сараптамаға сарқыттар, сондай-ақ мейрамхананың суынан, азық-түліктен, шикізат пен құрал-жабдықтардан сынамалар алынды.