Павлодарлық әуесқойлар Қарабай көлінен құстарды бақылай алады
Ол «Ертіс дауысы» жобасы аясында іске асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 тамыз, сенбі күні Павлодар география үйі аталмыш жобасы аясында Ақсу қаласы аумағындағы өзен жайылмасында орналасқан Қарабай көлінде бердвотчинг – құстарды бақылау шарасын ұйымдастырады.
— Бұл жоба Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен, қалалық ішкі саясат бөлімінің «МЕЙІРІМДІ ERTIS» шағын гранттар бағдарламасы аясындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша Павлодар қаласының «Жасыл Ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтарының штабымен бірлесіп жүзеге асырылуда, - дейді ұйымдастырушылар.
Қатысушылар осы аумақта мекендейтін құстар туралы визуалды ақпарат жинап және олардың фотосуреттерін түсіруге мүмкіндік алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта Қарабайда тіршілік ететін құстардың фотосуреттері мен олар туралы жиналған ақпарат «Ертіс дауысы» жобасы аясында іс-шараға қатысушылардың бірінің баяндамасында көпшілік назарына ұсынылатын болады.
Айта кетелік, бердвотчинг 15 тамыз, сенбі күні өтеді.
Еске сала кетейік, Павлодар география үйі алғашқы бердвотчингті Усолка өзенінде ұйымдастырған болатын. Бердвотчингке қатысушылар мен ұйымдастырушыларды қоса алғанда 40-тан астам адам жиналған. Олар өздерімен бірге фотоаппараттар, дүрбілер, ауызсу мен ашық аспан астындағы демалысқа арналған азық-түлік алып келді.