Павлодарлық балалар бочча спортымен кедергісіз шұғылдану үшін не қажет?

Павлодарлық балалар бочча спортымен кедергісіз шұғылдану үшін не қажет?
Фото:pixabay.com

Паралимпиялық ойындар тізіміне енетін бұл спорт түрі қарқынды дами бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Келесі жылы балалар кедергісіз жаттығу жасау үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

Облыс әкімдігінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы облыстық үйлестіру кеңесінің отырысында аталған спорт түрін дамыту мәселесі қозғалды. 

Бочча спорты қазір қатты дамып келе жатыр. Балаларымыз түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралуда. Бочча спортының дамуы үшін жағдай жасау қажет, – деді Айзада Құрманова. 

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың сөзінше, облыс бойынша Ақсуда боччамен айналысатындар көп. 

Ақсуда жаңа жеке спорт кешенінде балалар тегін жаттығулар жүргізеді. Павлодарда «Баянтау» кешенінде жаттығулар өтіп жатады, алайда бірқатар қиыншылықтарға тіреледі. Бочча үшін алаңда таңбалар белгілеу керек. Оларды уақытша жапсырып ойнайды. Бұл ретте басқа ойын спорт түрлеріне аталған таңбалар керек емес. Бұл үрдіс жаттығуларды қолайсыз етеді, – деді спикер. 

Нұрлан Есембаев бұл сұрақтың шешімі бар екенін атап өтті. 

Келесі жылдың қаңтар айынан «Ertis Olympic» бассейннің құрғақ жүзу залын боччаға береміз. Ол жерде балаларды жаттықтырамыз деп шештік. Ересектер тобы Баянтауда қалатын болады, – деді Нұрлан Есембаев.

Павлодар облысында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындарды қамту спорттың 17 түрінен көру, есту мүшелері, қимыл-тірек аппараты зақымданған 1756 мүгедек бар. 2020 жылдың ақпанынан бастап «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында 6 жастан 35 жасқа дейін 106 бала мен жеткіншектер бочча, бейімді футбол, жүзу, таэквондо секциялар бойынша шұғылданады.