Павлодарлық оқушылар стильді ұрпақ атану үшін қолөнермен айналысады

Павлодарлық оқушылар стильді ұрпақ атану үшін қолөнермен айналысады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «Ұлттық Style» жобасы бастау алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім беру басқармасының бастамасымен өңірдің барлық мектептерінде ұлттық стильді насихаттауға бағытталған ерекше жоба жол тартпақ. 

Ұлттық Style - күнделікті өміріңе қазақтың ою-өрнегін, қолөнерін және этностиль элементтерін енгізудің тамаша мүмкіндігі.

Жобаға қатысу үшін әр жұма сайын мектепке ұлттық элементі бар киім киіп келу немесе этноаксессуар тағып, өз стиліңді көрсету керек.

Қазан айының тақырыбы – «Этно-бренд».

– Бұл айда сен нағыз ұлттық стиль дизайнері болып, өз қолыңмен ерекше аксессуар жасап, көрсете аласың. Мысалы, тұлпар бейнесіндегі салпыншақ, бауырсақ бейнесіндегі жапсырма немесе әшекей, қазақтың ою-өрнегімен безендірілген аксессуар, – деді басқармада.

Өз жұмысыңды бейне немесе фото түрінде түсіріп, #этноstylepvl хештегімен әлеуметтік желіге жүкте.

Ең үздік жұмыстар облыстық білім басқармасының ресми парақшасында жарияланып, жеңімпаздар онлайн-дауыс беру (лайк саны) нәтижесі бойынша анықталады. Ал ең креативті қатысушылар «Стильді ұрпақ» атағына ие болып, Алғыс хаттармен марапатталады. Жоба сәуір айына дейін жалғасады.