Павлодарлық спортшы 10 шақырымдық жарыста күміс жүлде еншіледі

Павлодарлық спортшы 10 шақырымдық жарыста күміс жүлде еншіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауқымды бәсекеге еліміздің әр өңірінен 2 мыңға жуық әуесқой және кәсіби спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қарағандыда өткен Qaragandy half marathon 2026 халықаралық жүгіру жарысында Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Әсел Әбдраманова қатысып, күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстан Республикасы ІІМ «Арлан» спорт клубының өкілі аталған додада елдің түрлі өңірлерінен келген әуесқой және кәсіби спортшылармен бірге бақ сынады. Жарысқа 2 мыңға жуық қатысушы жиналды.

Спортшыларға 5, 10 және 21 шақырымдық қашықтықтар ұсынылды. Әсел Әбдраманова 10 шақырымдық жүгіруде мәреге екінші болып жетті.

– Мен үшін мұндай жарыстарға қатысу – физикалық мүмкіндіктерімді сынап қана қоймай, мақсатқа ұмтылу, тәртіптілік пен жоғары нәтижеге деген талпынысты көрсету мүмкіндігі. Мұндай нәтижеге жету үшін жүйелі жаттығу, төзімділік, мінездің беріктігі және әр шақырым сайын өзіңді жеңе білу қажет, – дейді күміс жүлдегер.

Полиция қызметкерінің бұл жетістігі Қазақстан Республикасы ІІМ «Арлан» спорт клубының және Павлодар облысы полиция департаментінің спорттық жетістіктер қоржынына қосылған кезекті жүлде болды.

Тәртіп сақшыларының спорттық жарыстарға белсенді қатысуы салауатты өмір салтын насихаттауға, дене дайындығын арттыруға және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ынталандырады. Сонымен қатар мұндай жарыстар қызметкерлер арасында командалық рухты нығайтып, жаңа белестерді бағындыруға серпін береді.