Пейнтбол: Павлодарда қалалықтарға қарағанда ауыл жігіттері басым түсті
Әскери-тактикалық турнирге он алты команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы патриоттық тәрбие беру орталығы басшысының міндетін атқарушы Ажар Оспанова әскерге шақыру жасына дейінгі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында пейнтболдан жарыстар ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Бұл турнир бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Қала командалары ауданнан келген қарсыластарды бағаламайтын көрінеді. Өткен жылы бірінші орынды Баянауыл командасы иеленді. Ауылдың жігіттері мықты әрі шыныққан, күнде жұмыс істейді, ата-анасына үй шаруасы бойынша көмектеседі, – дейді Ажар Оспанова.
Павлодар жоғары мұнай және газ колледжі «Бүркіт» командасының командирі Рафаэль Гельметдиннің айтуынша, команда жеңіске дайын. Жастар пейнтбол, пневматикалық қарудан атудан бақ сынап көрді.
Облыстық спорттық пейнтбол федерациясының басшысы, турнирдің бас төрешісі Серік Құсайынов қатысушыларға жарыстардың спорттық форматта өтіп жатқанын айтады. Командалар алаңда үрлемелі қорғанысты қолданады. Ұрыстың екі минутында барлық қарсыластарын жеңуі керек немесе қарсыластардың базасына кіріп, қолын тигізуі тиіс. Егер ойыншының кез келген жеріне бояуы бар оқ тисе, қарсылас ойынды аяқтайды. Толық жеңіске жету үшін қарсыласты екі рет ұту қажет.
– Доп жоғары жылдамдықпен ұшады, сондықтан ойыншылар қорғаныс бетперделері мен кеудешелерін киюі керек. Қауіпсіздік талаптарын елемегеніңіз және ойын алаңындағы қате әрекет үшін айыппұл ұпайлары салынады, – дейді Серік Құсайынов.
Турнирден бөлек, балалар автоматты құрастыру және бөлшектеу, әскери шатырды құрастыру бойынша шеберлік сағатына қатыса алды. Ажар Оспанованың айтуынша, бұл әскери борышын өтеп жүрген жастарға пайдасын тигізеді.