Республика күні қарсаңында бірқатар павлодарлық мемлекеттік марапаттарға ие болды
Салтанатты рәсім Естай атындағы мәдениет сарайында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ордендер, медальдар, төсбелгілер, құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов табыстады.
– Ұлттық мереке –Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке бірліктің, Отанымызға шексіз берілгендіктің символына айналды. Туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бізді әркез еліміздің игілігі үшін жаңа жетістіктерге шабыттандырсын, – деді облыс әкімі.
"Парасат" орденін "Спецмашин" ЖШС менеджері Сүйіндік Нұрымов және Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов алды.
Ал "Құрмет" орденіне бес павлодарлық ие болды. Олар "Аза" ЖШС директоры Гнел Акопян, Баянауыл ауданының Еңбек ардагері Мұхтар Әбілев, Торайғыров университетінің филология кафедрасының меңгерушісі Нартай Жүсіпов, Железин ауданының БЖСМ шаңғы жарысы бойынша жаттықтырушысы Евгений Кисляков, "ГорДорСтрой" ЖШС коммерциялық директоры Виталий Соломкин.
III дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен тоғыз адам марапатталса, "Ерен еңбегі үшін" медалі 27 адамға табысталды. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында облыстың 43 тұрғыны жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.
Салтанатты шара жергілікті өнер жұлдыздарының мерекелік концертпен аяқталды. Шараның басты қонғы "МузАрт" тобы болды.