Шомылу маусымы: Павлодарлықтар нені ескеруі керек?
Шомылу маусымы басталғалы өңірде төрт адам суға кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аптап ыстық басталғалы жанына сая іздейтін тұрғындар жағажайларға асығады. Өкінішке қарай, тыйым салынған жерлерге келіп, демалыс ұйымдастыруды қалайтындардың саны азаймай тұр. Бұл әрекет төтеншеліктердің алаңдаушылығын арттыруда.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Тілекжан Галямовтың айтуынша, шомылу маусымы басталғалы өңірде төрт адам суға кеткен. Олардың арасында 2009 жылы туған жасөспірім де бар. Ол Теміржол кенті маңындағы суға түсуге тыйым салынған орында шомылып, қайғылы жағдайға ұшыраған. Құтқарушылар оның денесін бес метр тереңдіктен алып шыққан.
– Өкінішке қарай, осыған ұқсас оқиғалар Екібастұз қаласында, Черноярка ауылында және Павлодар ауданында да тіркелді. Барлық жағдайда ортақ себеп – рұқсат етілмеген жерде шомылу және қауіпсіздік ережелерін елемеу. Кейбір азаматтардың мас күйінде суға түсуі де адам өміріне қауіп төндіріп отыр, - дейді Тілекжан Галямов.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы облыста 14 адам суға батса, оның екеуі – бала. Ал 2024 жылы 16 адамның өмірі судан қиылып, олардың арасында тағы екі бала болған. Бұл көрсеткіштер қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарауға болмайтынын аңғартады.
– Қайғылы жағдайлардың негізгі себебі біріншіден, тұрғындардың рұқсат етілмеген су айдындарында шомылуы. Екіншіден, ішімдік ішіп суға түсу. Үшіншіден, балалардың үлкендердің қарауынсыз су жағасына баруы. Өкінішке қарай, дәл осы үш фактор жыл сайын қайталанып келеді, - дейді ол.
Осыған байланысты облыста профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полиция, білім беру басқармасы және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты рейдтер ұйымдастыруда. Балаларды қараусыз қалдырған ата-аналарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, мұндай жағдайда 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бүгінде Павлодар облысында ресми түрде 45 жағажай бар. Оның 29-ы коммуналдық, 16-сы жекеменшік болғанымен, түрлі себептерге байланысты олардың 11-і жұмыс істемейді. Ал облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 244 орын анықталған. Бұл аумақтардың барлығына арнайы ескерту белгілері орнатылып, QR-кодтар орналастырылған. Оларды смартфон арқылы сканерлеу арқылы тұрғындар су айдынының тереңдігі, қауіптілігі және осы жерде бұрын тіркелген оқиғалар туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар тыйым салынған орындар 2GIS электронды картасына енгізіліп жатыр.
Ресми жағажайларға қойылатын талаптар да қатаң. Су түбі алдын ала зерттеліп, құтқару бекеттері, бақылау мұнаралары, қайықтар мен катерлерге арналған орындар дайын болуы тиіс. Сонымен қатар құтқарушылар кезекшілік атқарып, қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық стендтер орнатылады.
– Құтқарушылар тек бақылаумен ғана шектелмей, балаларды жүзуге үйрету жұмыстарын да жүргізіп келеді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен білім беру басқармасы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Бақытты балалық шақ» бағдарламасы аясында әр жұма сайын орталық жағажайда қауіпсіздік сабақтары өткізіледі. Қазіргі уақытта облыстағы 125 мектепте модульді бассейн орнатылып, алты мыңнан астам оқушы жүзу дағдыларын меңгерген, - деді Тілекжан Галямов.
Мамандар суға батып бара жатқан адам көбіне көмекке айқайлай алмайтынын айтады. Мұндай кезде ол тек қолын көтеріп белгі береді. Сондықтан демалушылардың бір-біріне мұқият болуы маңызды. Сондай-ақ ас ішкеннен кейін бірден суға түспеу, аяқ-қол тартылған жағдайда жағаға қарай беттеу, денсаулық сыр берген кезде суға түспеу де қауіпсіздіктің маңызды шарттары саналады.
Соңғы уақытта қайықпен және SUP board тақталарымен демалушылардың саны көбейді. Алайда бұл бағытта да қауіпсіздік талаптары жиі бұзылады. Қайыққа рұқсат етілген мөлшерден көп адамның мінуі, құтқару желеткесін кимеу, тіпті мас күйінде қайық басқару фактілері анықталған. Мұндай құқықбұзушылықтарға қатысты заң аясында қатаң жауапкершілік қарастырылған.