Тереңкөлдік этнос өкілі қайыңнан қазақы картиналар жасауда

Тереңкөлдік этнос өкілі қайыңнан қазақы картиналар жасауда
фото: автор

Жұмысының басты ерекшелігі – бояу қолданбағанында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Тереңкөл ауданының Калиновка ауылында табиғатпен үйлесім тапқан ерекше жан тұрады. Украин этномәдени бірлестігінің мүшесі Евгений Селивончиктің қолөнерге деген сүйіспеншілігі мен табиғи материалдарға деген құрметі оны ауылдағы шеберге айналдырды.

Ол Калиновка ауылдық мәдениет үйінде күзетші болып жұмыс істейді, ал бос уақытында өзінің сүйікті ісімен – ағаш ою, бедерлеу, табиғи материалдармен көркем жұмыс жасаумен айналысады. Қайыңнан ойылып жасалған жұмыстарының арасында домбыра тартып тұрған жігіттің бейнесі, мүсінше сияқты қос ішекті аспап, бүркіттің аспанда самғау сәті, бұланның орман арасындағы серуені және т.б картина мен заттар бар.

Оның сөзінше, шығармашылыққа деген құштарлық мектептен басталды.

– Бір күні пышағым сынып қалды. Сол кезде мен оны қайрап, ағаш оюға тырыстым. Әуелде ойын ретінде ғана еді, бірақ біртіндеп бұл іс менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Кейін көршім ағаш оюға арналған шағын құралдар жинағын сыйлады. Сол сәттен бастап қолөнермен айналысуға шындап кірістім, – деді ол. 

Евгений Селивончиктің айтуынша, ең сүйікті туындыларының бірі – домбырашы бейнеленген композиция. 

Бұл еңбегі аудандық байқауда көрсетіліп, көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған.

– Ұлттық нақышта бір дүние жасағым келді. Домбыра – қазақ халқының жаны. Сол себепті мен үшін бұл жұмыс ерекше мағынаға ие. Осы ісімнің басты ерекшелігі – бояу қолданбағанымда, – деді ол.

Ағаштың қабығы, былғары, киіз – бәрі табиғи. Әрқайсысының өз мінезі, өз түсі бар. Мен соларды үйлестіріп, жасап шығардым, – дейді ол.

Шебердің шығармашылық жолында үлкен рөл атқарған – отбасы. Өнерге деген бейімдігі оның тегінде бар. Атасы – белгілі ұста болған, ағаштан жиһаз, сандық, кебеже жасап, көрші ауылдарға да танылған адам. 

– Анам мұғалім еді, маған бала кезімнен бағыт беріп отыратын. Қай жерде қате істесем де, «мына жерін былай істе» деп ақыл айтатын. Қазір сол орынды жұбайым басты. Бір нәрсе жасап жатсам, «мына тұсын өзгеше істеп көрсең жақсы болар еді» деп кеңес береді. Көп жағдайда дұрыс айтады, – дейді шебер күліп.

Ол жасаған жұмыстардың көбі Тереңкөл ауданының мәдениет үйіндегі көрмеде тұр.

Оның шығармаларында табиғат пен адам еңбегі арасындағы үйлесім көрініс табады.

– Кейде түннің бір уағына дейін отырып, ағаш оямын. Бұл – мен үшін шаршау емес, керісінше демалыс, – деп атап өтті ол.

Қарапайым ауыл азаматының қолынан шыққан еңбектер – табиғатқа, еңбекке және ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншіліктің көрінісі.