Жалған жаттығу: Павлодар облысында спорт саласында жемқорлық анықталды

Жалған жаттығу: Павлодар облысында спорт саласында жемқорлық анықталды
Фото: Константин Шелков

Жемқорлық мәселелері бойынша облыс әкімінің қатысуымен отырыс өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше,  облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Отырыста облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізген спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында проблемалық объектілер құрылысының аяқталуы қаралды.

–  Нәтижесінде спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында жекелеген кәсіптік клубтарды қаржыландыру және спорт объектілерін жалға алу кезінде бюджет қаражатын ұтымсыз пайдаланумен байланысты көптеген бұзушылықтар анықталды. Жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, спорттық разрядтарды беру кезінде бұзушылықтарға, жалған дипломдар бойынша жұмысқа орналасу бойынша басқа да бұзушылықтар орын алды, – деп жазылған хабарламада. 

Комиссияның отырысында өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру және тежеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорының қажетті көлемін қамтамасыз ету үшін олардың бағасының өсуіне жол бермей шаралар қабылдау тапсырылды.