Өнеркәсіпке бағдар: Павлодардың еңбек нарығы несімен ерекшеленеді

Өнеркәсіпке бағдар: Павлодардың еңбек нарығы несімен ерекшеленеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар бос жұмыс орындарының саны салыстырмалы түрде аз болғанына қарамастан, еңбекақы деңгейі бәсекеге қабілетті индустриялық орталық мәртебесін сақтап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстандағы жұмыс іздеу және қызметкерлерді іріктеу жөніндегі онлайн-сервис HeadHunter баспасөз қызметінің мәліметінше, платформадағы барлық вакансиялардың ішінде Павлодардың үлесі 2,7 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш ірі қалалар – Алматы (39,5 пайыз) және Астана (23,5 пайыз) деңгейінен төмен болғанымен, индустриялық қалалар – Өскемен (үш пайыз) және Ақтөбе (2,5 пайыз) көрсеткіштерімен шамалас.

Қазақстан бойынша вакансиялардың ең үлкен үлесін сату және клиенттерге қызмет көрсетуге тікелей байланысты қызметтер құрайды. Сұраныс көбіне бизнестің күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін қолданбалы мамандықтарға бағытталған.

– Бірінші орында «сату менеджері немесе клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер» санаты тұр – барлық хабарландырулардың 11,1 пайызы. Одан кейін бухгалтер – 7,6 пайыз, сатушы-кеңесші немесе кассир келеді. Топ-10-ға кіретін басқа қызметтер экономиканың қызмет көрсету саласының негізін құрайды: жүргізуші, мұғалім, сауда өкілі, аспаз, наубайшы, кондитер, маркетолог, call-орталық операторы, – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Павлодар дәстүрлі түрде өнеркәсіпке, энергетикаға және өңдеу саласына бағытталған. Бұл жұмыс іздеушілер үшін тұрақтылықты білдіреді, ал жұмыс берушілер үшін, әсіресе қаржы және басқарушылық қызметтерде, білікті мамандар үшін бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді.