Ақаулы автокөлік дауы: павлодарлық тұтынушы сотта жеңіске жетті
Сот автосалонды ақшаны қайтаруға міндеттеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Автокөліктің техникалық ақауы – жүргізушінің тәжірибесіне қарамастан кез келген адам тап болуы мүмкін жағдай. Мұндай ақаулар күтпеген жерден туындап, жол қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, елеулі қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.
Осындай жағдайға Павлодар облысының тұрғыны тап болды. Ол құны 12 300 000 теңге болатын жаңа автокөлік сатып алып, кепілдік мерзімі 60 ай немесе 150 000 шақырым деп белгіленгеніне қарамастан, пайдалану барысында қозғалтқышта елеулі ақау анықталған. Ақау көлікті әрі қарай қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік бермеген.
Тұтынушы сол күні автокөлікті кепілдік жөндеуден өткізу үшін сатушыға тапсырған. Алайда автосалон өз міндеттемелерін тиісінше орындамай, көлік белгіленген мерзімде жөнделмеген. Нәтижесінде тұтынушы қымбат мүлкін ұзақ уақыт бойы пайдалана алмай қалған.
Осы мәселеге байланысты тұтынушы Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент сотқа дейінгі талап қоюға көмектесіп, кейін сот процесіне дербес талап қоймайтын үшінші тұлға ретінде қатысты.
Сот талқылауы барысында автокөлікте техникалық жағынан күрделі тауарға тән елеулі кемшілік бар екені анықталды. Жөндеуді күту уақыты 2 ай 27 күнге созылып, бұл заңнамада белгіленген 30 жұмыс күнінен асып кеткен. Тек 59 жұмыс күнінен кейін ғана жауапкер автокөліктің дайын екенін хабарлаған.
Сот шешімімен тұтынушының пайдасына автокөліктің толық құны – 12 300 000 теңге, сондай-ақ өкіл қызметі үшін 700 000 теңге және маман қорытындысына жұмсалған 150 000 теңге өндірілді.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарға өз құқықтары бұзылған жағдайда Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша немесе E-otinish.gov.kz, E-tutynushy.kz платформалары арқылы, сондай-ақ 8 (7182) 55-10-70 сенім телефонына хабарласуға болатынын еске салады.
Сонымен қатар департамент техникалық жағынан күрделі тауарға қатысты тұтынушы елеулі кемшілік анықталған жағдайда шартты бұзуға және төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы екенін түсіндіреді. Ал өзге жағдайларда тұтынушы тауарды тегін жөндеуді немесе сатып алу бағасын төмендетуді талап ете алады.