Ақсу кәсіпорындарында әйелдердің денсаулығына көңіл бөлінді
Шара барысында дәрігерлер скринингтің маңызы, тексеру тәртібі және денсаулықты сақтау жолдары туралы ақпарат берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласындағы «ЕЭК» АҚ мен Ақсу ферроқорытпа зауытында «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының бастамасымен «Дені сау әйел – салауатты кәсіпорын» жобасы аясында еңбекші әйелдермен ақпараттық кездесу өтті.
– Жобаның мақсаты – өндірісте жұмыс істейтін әйелдердің денсаулық мәдениетін арттыру және аурулардың алдын алу маңыздылығын түсіндіру. Кездесуге облыстық кардиологиялық орталықтың басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлжанат Жақова, онкодиспансердің диспансерлік бөлім меңгерушісі Сергей Борисенко және Ақсу қалалық ауруханасының Отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Маржан Дүйсенбекова қатысты, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Мамандар тегін скрининг түрлері, жас ерекшеліктеріне қарай тексеру тәртібі және медициналық ұйымдарға жүгіну жолдары туралы түсіндірді. Әйелдер мамандардың тікелей жұмыс орнына келуін ыңғайлы формат деп атап өтті. Осындай кездесулерді тұрақты өткізіп, тақырып аясын кеңейту ұсынылды.
– Кездесу барысында Ақсудағы скрининг кабинеттері сенбі күні жұмыс істемейтіні айтылды. Бұл өндірісте еңбек ететін әйелдерге қолайсыздық туғызады. «AMANAT» партиясының өкілдері мәселені бақылауға алып, қалалық аурухана мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасына ұсынымдар жолдайтын болды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, әрбір әйелдің скринингтен өту үшін жылына үш жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс алуға құқығы бар екені еске салынды.