Баянауыл спорттық туризмнің басты алаңына айналуда
Бүгінде мұнда халықаралық деңгейдегі спорттық шараларды өткізу туралы өтінімдер түсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс-Баян өңірі ішкі туризмді дамыту аясында спорттық-туристік іс-шараларды кеңейту мәселесін қарастырып отыр. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбековтың айтуынша, аймаққа келушілердің қызығушылығын арттыруда тек экскурсиялық бағыттар ғана емес, белсенді демалыс пен спорттық шаралар да маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда облыста кейбір спорттық іс-шаралар өткізіліп келеді, алайда олар негізінен әуесқой деңгейде ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта туристік әлеуеті жоғары аумақтарда спорттық бағыттағы жобаларды жүйелі түрде дамыту жоспарлануда.
Сала өкілдерінің сөзінше, Баянауыл ауданында орналасқан «Бауырлар жолы» сияқты туристік бағыттарда халықаралық деңгейдегі спорттық шараларды өткізу ұсыныстары да түскен. Сонымен қатар, тау және табиғи ландшафттарға негізделген белсенді туризм түрлерін дамыту мүмкіндігі қарастырылуда.
– Бізге шетелдік және отандық ұйымдастырушылардан спорттық-туристік іс-шараларды өткізу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Қазіргі таңда кейбір жобалар қаралу үстінде, жақын уақытта нақты шешім қабылданады, – деді Руслан Нұрбеков.
Өткен жылы Торайғыр көлі KempirTas Challenge beta 1.0 атты спорттық іс-шараның орталығына айналды. Белсенді өмір салтын ұстанатын жандар көркем табиғат аясында – жартастар мен кең дала қоршаған әсем көл жағасында жиналып, суда олимпиадалық қашықтықты жүзіп өтіп, тоғай арқылы жүгіріп өтті. Бұл осындай форматтағы алғашқы шара болды.
Биыл Астана мен Павлодар велоқауымдастықтарының бірлескен идеясының нәтижесіне айналған жаңа спорттық іс-шара өткізілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 70-тен астам спортшы Tour de Bayanaul веложарысына қатысты. Әуесқойлар, триатлоншылар мен велосипедшілер 38 шақырымдық бағытты бағындырды. Бұл маршруттың әрбір бөлігі тарихқа, мағынаға және, әрине, таңғажайып табиғи сұлулыққа толы болды.
Мұндай бастамалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, ішкі және сыртқы туристер ағынын көбейтуге де ықпал етеді. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, соңғы үш жылда Павлодар облысына келетін туристер саны шамамен 14 пайызға өскен.
Алдағы уақытта спорттық туризмді дамыту өңірдегі туристік маусымның маңызды бағыттарының біріне айналуы мүмкін.
Сонымен қатар, туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында гидтерді даярлау жұмысы да күшейтілуде. Бой көтеріп келе жатқан визит-орталықта ағылшын, орыс және қазақ тілдерін меңгерген гидтер жұмыс істейтін болады. Олар туристік маршруттар бойынша қызмет көрсетіп, келушілерге бағыт-бағдар беріп, қажет жағдайда толық сүйемелдеу қызметін ұсынбақ. Оған қоса туристік аймақтарда мобильді байланыс пен интернет сапасын одан әрі жақсарту және қолжетімділігін кеңейту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілді.
Айта кетейік, аймақта ішкі туризмнің әлеуетін көтеру мақсатында арнайы блог-тур ұйымдастыралады. Бастама аясында қатысушылар Павлодар облысының көрікті жерлерін тамашалап, олардың тарихын жақынрақ танысуға мүмкіндік алады.