Баянауылда Мәшһүр Жүсіп мұражайы жаңа кітаптармен толықты

Баянауылда Мәшһүр Жүсіп мұражайы жаңа кітаптармен толықты
Фото: Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі

Жұмағали Қоғабай Мәшһүр ата мен Қаныш Сәтбаев арасындағы рухани сабақтастықты байқату, байыптау мақсатында «Сәтбаевтар әлемі» және «Мәшһүр Жүсіп тылсымы мен шапағаты»  атты кітаптарын мұражайдың кітап қорына табыстады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Мамыр айында қаламгердің  «Сәтбаевтар әлемі» және «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар» атты кітаптарының таныстырылымы өткен. 

 –  Бүгін  мұражайдың кітап қоры екі кітаппен толығып, тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Жұмағали Бижанұлы, сізге алғысымыз шексіз. Дана халқымызда «Білім мен тәрбие – егіз» деген сөз бар. Саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру жолында жазған еңбегіңіз жемісті болсын. Сізге шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеймін, – деп Мәшһүр Жүсіп мемориалдық музейінің меңгерушісі Әсет Пазылов ізгі тілегін білдірді. 

Ақын, жазушы, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы  Жұмағали Қоғабай қазақ халқынан шыққан данышпан да талантты, ұлы ойшылдың мұражайына кітабын табыстау  үлкен бақыт екенін атап өтті. 

–  «Сәтбаевтар әлемі» кітабымда Қаныш Сәтбаевтың басынан өткерген қиыншылықтары мен зобалаңға ұшыраған сәттері жайлы, сондай-ақ туған-туыстарынан біліп, өзім кездескен жағдайларды жазып, өскелең ұрпаққа өнегесі мол мұра қалдырғым келді. Осы тұста менің ұсынысымды қолдаған барша жандарға алғыс айтамын, – деп Жұмағали Қоғабай ақ тілегін білдірді.

Сондай-ақ ол веложорықта басшылық еткен кәсіби велошабандоз, бүгінгі таңда «Қайнар» қосымша білім беру кешеніндегі «8 миля» велотуризм және спорт клубының бапкері Анатолий Пырликке шексіз алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, Екібастұз - Ескелді бағытында тұңғыш веложорық ұйымдастырылды. Алдағы уақытта атаулы шара жыл сайын жалғасын табады. Жұмағали Қоғабай  Екібастұз қаласынан 75 шақырым қашықтықтағы Мәшһүр Жүсіп кесенесіне Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай веложорық ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ойды Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру  және спорт бөлімінің ұжымы бір ауыздан қолдап, 2024 жылдың 28 шілдесі күні таңғы сағат 4:00-де шаһардың бір топ жастары, белсенді азаматтары және спорт жанкүйерлерімен бірге Жұмағали Қоғабай бастаған бір топ адам велосипедпен қасиетті мекен Мәшһүр Жүсіп кесенесіне жол тартқан.