Павлодар облысында мотоциклді тізгіндеген жеткіншек үшін анасы жазаланды

Павлодар облысында мотоциклді тізгіндеген жеткіншек үшін анасы жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосы

Кәмелетке толмаған жасөпірімнің жүргізуші куәлігі болмай шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс Павлодар облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Жеткіншектің заңбұзушылығы үшін оның анасы жауып берді.

Сот шешімімен оның заңды өкіліне 60 550 теңге айыппұл салынды.

Павлодар облыстық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, істі қарау барысында әйелдің ұлын тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағанын анықтады. 

- Салдарынан жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекет жасаған. Әйел ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сотталушы өз кінәсін мойындап, болған жағдайдан кейін ұлымен профилактикалық әңгіме жүргізгенін түсіндірді. Сондай-ақ жұмыс істейтінін және баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын айтты, – делінген сот хабарламасында.

ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі бойынша 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің кінәсін мойындағанын және асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде сот айыппұл мөлшерін 30%-ға – 86 500 теңгеден 60 550 теңгеге дейін төмендетті.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.