Екібастұздық полицейлер кеш батқанда ойын алаңдарын жіті бақылайтын болады

Екібастұздық полицейлер кеш батқанда ойын алаңдарын жіті бақылайтын болады
Фото: Әмина Жеңіс

Мұндай тапсырманы аймақ басшысы Асайын Байханов жергілікті полиция қызметкерлеріне берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Екібастұзға барған жұмыс сапары барысында М.Жүсіп көшесі бойындағы 46, 48, 50-үйлерді аралап келді. Қала бойынша ең ірі аулаларға асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Биыл «Нұрал» ЖШС мердігерлік ұйымы 70 мың шаршы метр аумақта аулаішілік көшелердің жолын ауыстырумен айналысуда. Оған 410 миллион теңге жұмсалуда. Бұдан бөлек 2025 жылы 50 балалар ойын алаңын абаттандыруға қаражат бөлінді.

– Қалада барлығы 280 аула бар, оның ішінде 170-ке жуық аула абаттандырылды. Биыл тағы 50 аула абаттандырылуда және тағы 50-ден астам аула қалып отыр, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.

Қазіргі таңда 50 ойын алаңының ішінен 42-сі толығымен орнатылды. Қалған сегіз алаңды «Strong Service» ЖШС мердігерлік ұйымы тамыздың соңына дейін орнатып, аяқтауды көздейді. Ал стрит-воркаут және стритбол алаңадарын салу үшін 30 миллион теңгеден астам қаржы жоспарланған. Бүкіл жұмыстар тәмамдалып, 9 стрит-воркаут және 2 стритбол алаңы пайда болды.

– Балалар ойын, стрит-воркаут алаңдары сияқты нысандар жазда аяқталғаны өте жақсы. Жаңбыр кезінде емес, суық мезгілде емес, жазғы уақытта балалар осы жаңа абаттандыру нысандарының игілігін көріп, пайдалана алады, – деп атап өтті Асайын Байханов. 

Облыс әкімі іске асырылып жатқан жобаларға қайран қалса да, қауіпсіздік жағынан полицейлерге ескерту мен тапсырма берді. Оның пайымдауынша, ересек адамдар күндіз балалар жүретін алаңдарға жақындай қоймайды, алайда күн батып, қараңғы түсе бастаған кезде ішімдікпен тәртіпсіздік жасайтындар көбейеді. Олардың араларында абаттандыру ережелерін бұзып, жаңа жабдықтарды сындыруға дейін де баратындар аз емес.

– Біздің ішкі аулаларға қаншама абаттандыру жұмыстарын жасап жатырмыз. Балалардың ойнайтын алаңын саламыз, ол жерге жабдықтарды әкеліп қоямыз. Ол үлкен адамның қолдануына арналмаған. Өкінішке орай кешке қараңғы батқаннан кейін адамдар,  жастар балалар ойнайтын алаңға барады да отырады. Сыра ішеді, қоғамдық тәртіпті бұзады, – деді Асайын Байханов. – Күндіз қараңғы түспей балалардың ата-аналары жүреді. Олар балаларын жылатпайды. Ал қас қарайғаннан кейін бір реттік акция ретінде ғана емес тұрақты түрде балалардың ойнайтын алаңдарды тексеру керек.

Аймақ басшысы жергілікті патрульдік қызметке керекті административтік кодексті пайдалана отырып, құқық бұзушыларды тәртіпке шақыру керектігін баса айтты.