Экологтар Павлодардағы қоқыс полигондарын ғарыштан бақылайды

Экологтар Павлодардағы қоқыс полигондарын ғарыштан бақылайды
Фото: Константин Шелков

Ғарыштық мониторингтің көмегімен олар қалдықтардың жинақталуын анықтайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен жылы Павлодар облысында 167 стихиялық қоқыс орны анықталып, олардың барлығы дерлік жойылды.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның спутниктегі суреттер арқылы полиция қызметкерлерімен бірге жүргізілген рейдтік іс-шара барысында заңсыз қоқыс орындары анықталды. Жыл сайын ғарыштан суреттер мамырдан қыркүйекке дейін түсіріліп, өткен жылғы деректермен салыстырылады.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласының маңында рұқсат етілмеген үш қоқыс полигоны анықталды. Павлодар облысы бойынша экология департаментінің инспекторы Руслан Темірболатовтың айтуынша, қалдықтарды  жоюға қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.

– Қоқыстың көп жиналуын байқаған бойда біз бұл ақпаратты дереу тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне береміз. Қажетті құрал-жабдықтарды мердігердің өзі алады. Бөлімнің жұмысы тек рұқсат етілмеген үйінділерді бақылау және анықтау, – дейді спикер.

Павлодар қаласындағы заңды полигондарға «ЭкоӘлем-ПВ» ЖШС және «КазЭкоПром» аумақтары кіреді. Екібастұзда қалдықтарды «Полигон ШҚ», ал Ақсуда «Ақсу-Полигон» ЖШС-де заңды түрде сақтауға болады.

Руслан Темірболатовтың айтуынша, заңсыз қоқыс үйінділері негізінен ауылдардың маңында пайда болады.

– Жазықта полигондар сирек кездеседі, бірақ жоқ емес. Бұған себеп - ауылдағы қоқыс алаңдарынан қоқыстың ұшуы. Адамдардың өзі полигонға жетпей, қоқыстарды далаға лақтыратын жағдайлар болады. Тұрғындар қоқыс шығару үшін ақша төлегісі келмейді, сондықтан оны өздері ауылдан немесе қаладан тыс жерге тастайды, – дейді инспектор.

Қалдықтарды басқару бойынша абаттандыру ережелері мен экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға 20-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 73 840 теңгеден 184 600 теңгеге дейін, заңды тұлғаларға 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 110 760-369 200 теңгеге дейін айыппұл салынады.