Ертіс ауданында мас мотоцикл жүргізушісі ұсталды

Сот шешімімен ауыл тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мас күйде мотоцикл тізгіндеген ауыл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Патрульдік қызмет кезінде Ертіс ауданының полицейлері Ертіс ауылының Транспортная көшесінде мотоцикл жүргізушісін тоқтатқан. Әңгімелесу барысында тәртіп сақшылары оның мас күйде екенін байқаған.
Медициналық куәландыру бұл фактіні растады. Сондай-ақ, 22 жастағы жүргізушінің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды.
– Бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жолданды. Сот шешімімен ауыл тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Төлеген Алпысбаев.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтауды және мас күйінде рөлге отырмауды қатаң ескертеді. Мұндай әрекет әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.