Есікті тарс еткізіп жапты: Павлодарда сотқа құрметсіздік танытқан азамат жазаланды
Ол сот отырысында тәртіп бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотқа құрметтемеушілік көрсету туралы істі қарады.
2025 жылғы қарашада облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыстық істі қарау кезінде тыңдаушы азамат сот отырысы залында тәртіп бұзғаны анықталды.
Сот отырысы барысында ер адам төрағалық етушінің әрекетіне бірнеше рет наразылығын білдірді. Белгіленген тәртіптің бұзылуына байланысты сот оны сот отырысы залынан шығару туралы өкім етті. Осы ұйғарымды орындау барысында азамат төрағалық етушімен дауласуды жалғастырып, сот залынан шығып бара жатып есікті тарс жауып, сол арқылы сотқа құрметтемеушілік танытқан.
Істі қарау барысында азамат өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Оның әрекеті сот орындаушысының айғақтарымен және сот отырысының бейнежазбасымен расталды.
Сот ер адамды ҚР ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған ескерту түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
Сот мұндай мінез-құлыққа жол беруге болмайтынын көрсетіп, құқық бұзушыға алдағы уақытта осыған ұқсас әрекеттерді жасамауды ескертті.
Қаулы заңды күшіне енді.