Нағыз қайсарлық: Ақсуда қатты дауылдан кейін электр қуаты қалай қайтарылды?

«ЕЭК» АҚ мамандары инфрақұрылымдық желілерін қалай қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін барын салды.
19 маусым күні Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін қатты дауыл болды. Соның салдарынан өңірдегі бірқатар инфрақұрылымдық желілерге зақым келіп, түрлі қиындық туындады. Соның ішінде электр желілері де үзіліп, тұтас Ақсу қаласы біраз уақыт жарықсыз қалды. Екінші күні ғана тұрғын үйлер мен нысандар электр энергиясы желісіне толығымен қайта қосылды. Егер тиісті жұмыстар дер кезінде қолға алынбаса, уақытылы және сапалы атқарылмаса, миллиондаған долларға тең келетін шығынға батар еді. Инфрақұрылымдық желілерді қалпына келтіру бағытында атқарылған бұл жұмыстар туралы толығырақ «ЕЭК» АҚ электр станциясы ауысымының бастығы Леонид Семидко егжей-тегжейлі айтып берді.
Леонид Семидко атап өткендей, қатты дауыл көтерілген күні ол күндізгі ауысымға шыққан еді. Жұмыс кестесіне сәйкес, оның қызметі 20:00-де аяқталуы тиіс болатын. Бірақ сағат 16:00 шамасында өңірде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты электр энергиясы өше бастағаны туралы хабар келіп түсті. Ал 17:00-ге қарай бұл дауыл Ақсу қаласына да жетті.
– Арада 40 минут өткенде бүкіл электр станциясы өшіп қалып, апаттық режим жарияладық. Бұл – менің еңбек тәжірибемдегі бірінші апаттық жағдай емес. Бұған дейін де осындай қиындықтармен бетпе-бет келген сәттер болды. Бірақ мұндай ауқымдағы апаттық жағдайды алғаш рет көрдім, – дейді Леонид Семидко.
Мамандар қалпына келтіру жұмыстарына бірден кірісті. Алайда бастапқыда түрлі ауыртпалық болды.
– Ең қиыны – тұтас қала, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Павлодардағы электролиз зауыты мен біздің станцияның жарықсыз қалуы. Соның салдарынан технологиялық процестер өзгерді. Бұл өз кезегінде түрлі қиындық пен оқыс жағдайдың, тіпті өрттің туындауына әсер етуі мүмкін еді. Сол кезде бізде байланыс та, өз қажеттілігімізге қажет қуат та болған жоқ. Сутектік салқындатқышы бар генератор жұмысын тоқтатты. Ол да жарылу қаупін тудыруы ықтимал. Істен шыққан турбина жөндеуге жарамай қала ма деген де қауіп болды. Егер ол қайта пайдалануға келмесе, станция жүздеген миллион доллар шығынға батар еді, – дейді ауысым бастығы.
Бірақ электр станциясының қызметкерлері мұндай қиындықтар мен қомақты шығынның болуына жол берген жоқ. Қарапайым жұмысшылар да, басшылық та бірлесе жұмыс істеп, нағыз қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Олар тез арада «KEGOC» АҚ өңірлік диспетчерлік орталығы диспетчерімен байланысқа шығып, соның нәтижесінде станцияға Семейден керек көлемдегі кернеу жылдам берілді. Сөйтіп, электр станциясы өзіне қажет энергияны алып, мамандар іске қосу жұмыстарын бастады. Бұл жағдайды реттеу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетті.
– Әр ауысымдағы вахталық қызметкер саны - шамамен 100 адам. Бірақ бұл күні олардың қатарына тағы сонша қызметкер келіп, қол ұшын созды. Тіпті, олардың кейбірі ауысымнан кейінгі демалыста, енді бірі жыл сайынғы еңбек демалысында болғанына қарамастан, барлық ісін ысырып қойып, станция жұмысын қалпына келтіруге атсалысты. Электр энергиясын тарату желілерін қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 220-ға жуық адам жұмылдырылды. Әр цехтың өз бастығы болды, десе де барлық жұмысты мен үйлестіріп отырдым, – дейді Леонид Семидко.
Ауысым бастығының өзі де жөндеу жұмыстарының бел ортасында жүрді. Автомұнара, бойлер, басқа да техникаларды қалпына келтіру ісін мойнына алды. Станциядағы барлық қондырғының ісі реттелген соң Ақсу ферроқорытпа зауытына электр энергиясын берді. Ал қала жұртшылығын қайта жарықпен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады.
Леонид Семидконың айтуынша, станциядан Ақсуға электр энергиясын таратудың екі желісі тартылған. Ауа райының құбылуы салдарынан сол желілердің екеуі де істен шыққан. Біреуінде ажыратқыш істен шықса, екіншісінде сымдар үзілген. Әр ақауды жоюдың өз ауыртпалығы болды. Айталық, ажыратқышты ауыстыру үшін біраз уақыт қажет еді. Ал үзілген сымдарды жалғау үшін Ақсу қаласынан жеке жөндеу бригадасы мамандары келуі керек болатын. Бұл күні ұялы байланысты пайдаланып, телефон арқылы тілдесу де мүмкін болмағандықтан, басшылыққа станция өкілдерін жеке жөндеу бригадасы қызметкерлерінің үйлеріне жіберуге тура келді. Бригада станцияға келген соң ғана қалпына келтіру жұмыстары жанданды. Сөйтіп, сағат 22:00 шамасында қалаға жарық беріле бастады. Леонид Семидко бұл күннің басқа да жағдайға байланысты мәңгі есте қалатынын алға тартты.
– Ақсу қаласында көлікте келе жатқан әйел адамның үстіне ағаш құлап, оның бұтасы кеудесіне барып қадалып, соның салдарынан өмірден өткенін естігенде өз отбасыма да алаңдай бастадым. Оларға мүлде хабарласа алмадым. Олар қиындыққа тап болды ма деген ойдың өзі маза бермеді. Әйтеуір, көршім арқылы тілдесудің сәті түсіп, жұбайым мен балаларым дін аман екенін білген соң ғана көңілім орнына түсті, – дейді ол.
Кейін белгілі болғандай, қатты жел оның баспанасының шатырын ұшырып әкеткен. Бірақ Леонид Семидко оған алаңдай қойған жоқ. Үйдің төбесін өзі жөндеп алды. Бастысы, жақындарының денсаулығына еш қауіп төнген жоқ. Ол үйіне түн ортасында ғана жетті. Бұл уақытта қаланың бір бөлігіне жарық беріліп, жөндеу жұмыстарының 20-30 пайызы атқарылған болатын.
Леонид Семидконың жұмысын түнгі уақытта әріптесі Евгений Бакулов жалғастырды. Басшылық Леонидке демалып, күш жинап, қызметке әдеттегіден кеш қабылдау алуға рұқсат бергенімен, ол 20 маусым күні таңертең қайта іске кірісті. Себебі, жөндеу жұмыстарының барысын ойлап көз іле алмады. Сондықтан жұмысқа бір жарым сағат бұрын, 8.30-да қайта араласты.
Ол келгенге дейін станция қызметкерлері жөндеу жұмыстарын аяқтауға жақындап қалған еді. Тек қалған корпустар жұмысын қайта жандандыру бойынша жекелеген мәселелер мен тұтас станция жұмысының режимін қалпына келтіруге қатысты нақты істерді атқару міндеті тұрды. Алдыңғы ауысымға қарағанда бұл кезек штаттық режимде өтіп жатты.
– Апаттық жағдайдан соң бірнеше күн бойы орын алған төтенше жағдай туралы ойлап, барлығын електен өткізіп, талдауға тырыстым. Бұдан да қиын сәттер туындауы мүмкін еді деген ой келді. Абырой болғанда, біз оған жол бермей, аз уақыт аралығында барлығын қайта қалпына келтірдік. Командамыздың бірлескен жұмысын көріп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Қиын сәтте барлығы бірлесіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білді. Бұл күні ешкім жұмыстан кетпей, жанымызда болып, қол ұшын созды. Асхана қызметкерлерінен ERG басшылығына дейін көмек көрсетті. Мұндай ірі апаттық жағдайдың салдарын жоюда сапалы қызмет атқару осы іске араласқан әр адамның жоғары кәсіби біліктілігінің нәтижесі деп білемін, – деп түйіндеді Леонид Семидко.
Станцияда туындаған қиын сәтте шетте қалмай, барын салған әр қызметкер басшылық тарапынан еленіп, ескерілді. Алдымен компания басшылығы ризашылығын білдірсе, кейін қаржылай түрде де ынталандырды.
Құндыз Қабылденова
Жарнамалық материал