Отшашу мен концерт: Екібастұздықтарды кеншілер күнімен Morandi құттықтайды
Кәсіби мерекеге орай қазақстандық жұлдыздар да өнер көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметінше, 24 тамызда «Қазақстан» орталық алаңында кеншілер күнін мерекелеуге қатысты концерт өтеді.
– Кештің шымылдығын Қазақстан эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы ашады. Ал Jazi Orchestra кавер группасы түрлі әуендерді орындайтын болады,– деді бөлімде.
Сондай-ақ, қазақстандық рэп-орындаушы V$XV PRiNCE лақап атымен белгілі Асхат Рысбеков және De Lacure лақап атымен ән айтатын Әнуар Баймухаев сахнаға шығады. Ал мерекелік кештің хэдлайнері барша әлемге «Angels» әнімен танымал болған румын тобы – Morandi атанады.
Концерт соңында келген қонақтарды отшашу күтеді. Кеш сағат 19:00-де басталады.