Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы басшысы сотта ақталып шықты
Атырау қаласының №2 сотында Атырау мұнай өңдеу зауытының («АМӨЗ» ЖШС) бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайды мен сатып алу департаментінің директорына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Іс материалы бойынша, сот АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайды кінәсіз деген ұйғарым шығарған.
– Сотталушылар адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы қызмет жағдайын теріс пайдаланғандары үшін айыпталды (Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы). Оларға 2019-2020 жылдары АМӨЗ-де «Мұнайды терең өңдеу кешенін» салу кезінде ЖШС жарғысының және регламенттелген шарттың талаптарын бұзып, мердігерден жеткізілген ақаулы құрылғының құнын талап ету жөнінде шаралар қолданбағаны немесе мердігердің кепілдік міндеттемелері бойынша осы құрылғыларды ауыстыруды талап етпегені үшін айып тағылған, – делінген Атырау қаласының №2 сотының баспасөз хабарламасында.
Салдарынан мемлекетке 2,9 миллиард теңгеден аса залал келтірілген.
– Сот АМӨЗ-да кешен құрылысын салу кезінде жұмыс көлемі ұлғайғанын анықтады. Бұл ретте мердігерлер қосымша шығындарға ұшыраған және бұл мемлекеттік сараптамалардың қорытындылары арқылы расталды. Сондықтан тараптар қосымша шарттар жасасып, оған сәйкес кепілдік көрсеткіштерге қолжеткізілмегені және анықталған ақаулар үшін мердігерлерден сомалар ұсталды. Бұдан басқа, «ҚазМұнайГаз» АҚ және «АМӨЗ» ЖШС кешенді салу кезінде оларға залал келтірілмегені туралы анықтама берді, – деп жазылған хабарламада.
Сот олардың әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты барлық эпизод бойынша кінәсіз деп таныды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Атырауда АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға ақауы бар мұнай өңдеу кешені нысанын пайдалануға беру туралы бұйрыққа қол қойғаны үшін айып тағылған. Әр жылдары Павлодар мұнай-химия зауыты мен Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарған.