Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы 400-ден астам әуе рейсі жоспарланған

Қазірдің өзінде жайылма аумақтың 40 мың гектарынан астамы өңделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов өзінің Telegram-арнасында дезинсекциялық жұмыстардың барысы туралы жазды.
Оның айтуынша, сәуір айының соңынан бері Павлодар, Ақсу және Павлодар ауданының жайылма аумағында 108 әуе рейсі жасалып, 41 мың гектардан астам жер өңделген.
– Дезинсекциялық жұмыс кезеңінде барлығы 172 мың гектар жайылма аумақты өңдеу үшін 440 әуе рейсі жоспарланған, – деді өңір басшысы.
Өңдеу маса мен шыбын-шіркейдің дернәсілдеріне қарсы жоғары тиімділігі дәлелденген және басқа жануарлар үшін қауіпсіз «Бактицид» биологиялық препаратымен жүргізілуде.
– Бұл бағыттағы барлық жұмыс @gnus.tabigat_pv арнайы аккаунтында жарияланып отыр. Жұмыстың барысынан хабардар болу үшін жазылуды ұсынамын. Сондай-ақ, бұл аккаунтқа дезинсекцияға қатысты сұрақтар мен ұсыныстарды жолдауға болады, – деп жазды Асайын Байханов.
Еске салайық, облыс әкімі маса мен шыбын-шіркейге қарсы күрес ерте көктемде басталғанын, ал қыста-ақ әрекет алгоритмі әзірленіп, препараттар жеткізілгенін, техника мен мамандар дайындалғанын хабарлаған болатын.
6 мамыр күні Асайын Байханов ғылыми топпен бірге Ақсу, Павлодар және бірнеше аудандардағы жайылма аумақты тікұшақпен аралады. Жайылманың су астында қалу деңгейі биыл 90 пайызға дейін жетуі мүмкін, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 мың гектарға артық.
Маса мен шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары олардың дернәсілдік және ұшатын кезеңінде жүргізіліп, өзен, әуе және тосқауыл әдістері қолданылады.