Павлодар облысында «Жыл мұғалімі» анықталды

Павлодар облысында «Жыл мұғалімі» анықталды
Фото: Константин Шелков

Жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, «Жыл мұғалімі – 2026» және «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2026» байқауларының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді.

«Жыл мұғалімі – 2026» байқауының үшінші орын иегері – Баянауыл ауданы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әйгерім Томтаева. Екінші орынға дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Виталий Кожокар лайық деп танылса, бірінші орынды Тереңкөл ауданы Қ.Оспанова атындағы №3 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Нұрғалиева иеленді.

Ал облыстық «Жыл мұғалімі – 2026» байқауының Бас жүлдесі дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаевқа бұйырды. Байқау жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталды.

15 жылдан бері физика пәнінен сабақ беріп келе жатқан Жасұлан Меңдібаев үшін бұл марапат – ұстаздық еңбектің бағалануы ғана емес, әріптестерден тәжірибе алып, кәсіби тұрғыда дамуға берілген жаңа мүмкіндік.

– №8 лицейде олимпиадалық қозғалысқа ерекше мән беріледі. Сонымен қатар, жобалық жұмыстармен де айналысамын. Менің шәкірттерім облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда, байқауларда және жобаларда жеңімпаз атанып жүр. Қазір цифрландыру – білім беру саласындағы өзекті бағыттардың бірі. Әсіресе физика пәнін оқытуда заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндігі мол. Физикадағы кейбір құбылыстарды көзбен тікелей көру мүмкін емес. Сондықтан оларды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен модельдеп, оқушыларға көрнекі түрде түсіндіруге болады, – дейді Жасұлан Меңдібаев.

Мерекелік шарада мектеп мұғалімдерімен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері де марапатталды.

«Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2026» байқауының үшінші жүлделі орын иегері – Павлодар қаласының №42 мектепке дейінгі гимназиясының тәрбиешісі Гүлістан Макенова. Екінші орын Успен ауданының «Айгөлек» ясли-бақшасының тәрбиешісі Оксана Легчилинаға бұйырса, бірінші жүлделі орынды Екібастұз қаласының №8 бөбекжайының тәрбиешісі Асия Ақманбетова иеленді.

Ал облыстық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2026» байқауының бас жүлдесін Баянауыл ауданындағы туберкулез ауруына шалдығуы ықтимал мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Шағала» балабақшасының тәрбиешісі Майгүл Өміртай иеленді. Байқаудың барлық жүлдегерлеріне ақшалай сертификаттар табысталды.

Педагогика саласында 15 жыл еңбек етіп келе жатқан Майгүл Өміртай – педагог-сарапшы. 

– Балалармен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті барысында жаңа технологияларды тиімді қолдануға тырысамын. Сондай-ақ жасанды интеллект пен түрлі заманауи технологияларды пайдалануға көңіл бөлемін. Бұл ретте, байқауда «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында ұйымдастырылған іс-әрекетімді көрсеттім. Бұл тақырыпты таңдаудағы мақсатым – балаларды түрлі мамандықтармен таныстырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық иелерінің еңбегін өз қолдарымен жасап көруіне мүмкіндік беру, – дейді педагог. 

Бүгінде облыстың білім беру ұйымдарында 22 мың педагог еңбек етеді. Олардың кәсіби еңбегін бағалау мақсатында салтанатты шара барысында бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды. Жалпы, мерекелік жиында 47 педагог марапатталды.