Павлодарда екі күнде бірнеше бала көлік астына түсті

Павлодарда екі күнде бірнеше бала көлік астына түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Соңғы үш тәулікте жедел жәрдем қызметкерлері сегіз жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық медициналық жедел жәрдем қызметінің мәлімдеуінше, облыс орталығында болған барлық жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендер болды.

Мәселен, 15 мамыр күні медицина қызметкерлерінің араласуын қажет еткен бірден алты жол апаты орын алды. Ал 16 мамыр, сенбі күні 103 қызметінің мамандары тағы екі жол-көлік оқиғасына шақырылған.

– Дәл осы күні күндіз Торайғыров көшесінде автокөлік жүргізушісі 13 жастағы қызды қағып кеткен. Сан және шынтақ буынының жұмсақ тіндері жарақаттанған жаяу жүргінші облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді, - делінген хабарламада.

Сол күні кешкі уақытта Ак.Сәтбаев көшесінде автокөлік пен электрсамокаттың соқтығысуы орын алды. Оқиға салдарынан 2010 жылы туған жасөспірім бала зардап шекті. Жеңіл жарақат алған жасөспірім анасының еріп жүруімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Ал 16 мамыр күні түске қарай Лермонтов – Ак.Бектұров көшелерінің қиылысында автокөлік жүргізушісі 7 жастағы қызды қағып кеткен. Арада көп уақыт өтпей Ак.Сәтбаев – Лермонтов көшелері қиылысында велосипедпен келе жатқан 13 жастағы баланы көлік қағып кетті. Екі жағдайда да балалар облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді.

– Күннің жылынуымен балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны артады. Бұл статистика бізді қатты алаңдатады, – дейді Павлодар облыстық медициналық жедел жәрдем  станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Ата-аналардан балаларға жол қозғалысы ережелерін үнемі еске салып отыруды сұраймыз. Қауіпсіздік туралы жай ғана айтып қоймай, нақты жағдайларды түсіндіру маңызды. Мысалы, жолды қалай дұрыс кесіп өту керек, велосипед пен самокатты қай жерде тебуге болады, ал қай жерде бұл өмірге аса қауіпті екенін бала білуі тиіс. Егер бала велосипедті немесе жеке мобильділік құралдарын пайдаланса, оған міндетті түрде қорғаныс жабдықтары мен жарық шағылыстыратын элементтер алып беру қажет.

Ақ желеңділер жүргізушілерді жолда, аулаларда және балалар алаңдарының маңында барынша мұқият болуға шақырады. Жылдамдық режимін қатаң сақтау және көлік тізгінінде барынша зейінді болу қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.