Павлодарда көпқабатты үйдің тұрғындары асфальт төсеуді өтінді

Аулаға асфальт төсеу жұмыстары биылғы жылы атқарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков Толстой көшесі, 94/2 мекенжайындағы үйдің тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында қоқыс контейнерлерін көшіру, футбол алаңын орнату және аулаға асфальт төсеу мәселелері көтерілді.
Қоқыс контейнерлерін көшіру бойынша тұрғындарға жалпы жиналыс өткізу қажет екені түсіндірілді. Жиналыс барысында контейнерлерді орнатуға қолайлы орын анықталуы тиіс. Осыдан кейін тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің қызметкерлері шығып, контейнерлерді орнатады.
– Футбол алаңын орнату бойынша аулаға тексеру жүргіземіз. Егер инженерлік желілер өтпейтін бос жерлер табылса, алаң орнатылады, – деді Хасар Хабылбеков.
Барлық мәселелер тұрғындардың мүддесі ескеріле отырып, абаттандыру жоспарлары аясында шешілетін болады.