Павлодарда студенттер депутаттарға арналған ЖИ негізіндегі цифрлық консультант әзірледі

Павлодарда студенттер депутаттарға арналған ЖИ негізіндегі цифрлық консультант әзірледі
Фото: Константин Шелков

Шаһарда барлық деңгейдегі мәслихаттардың қызметін цифрландыруға бағытталған маңызды жобаның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара барысында Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко цифрлық технологияларды мемлекеттік басқару мен өкілді органдар қызметіне енгізудің маңыздылығына тоқталды.

Өз сөзінде ол - Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Павлодар облысында мәслихаттардың жұмысын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Қазіргі заман талаптары депутаттық қызметті ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді қажет етеді. Сондықтан біз мәслихаттардың жұмысын жетілдіруге, цифрлық құралдарды дамытуға және депутаттардың тиімді қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп отырмыз. Осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі – виртуалды цифрлық консультант жобасы, – деді облыстық мәслихат төрағасы.

Илья Теренченконың айтуынша, жоба азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына жедел жауап беруге, қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға және депутаттардың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде виртуалды цифрлық консультант тестілік режимде жұмыс істеп тұр.

Жоба ақпараттық технологиялар колледжінің, Павлодар қалалық мәслихатының және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жобаның таныстырылымы барысында колледж өкілдері цифрлық өнімді жасау үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

– Бұл жобаны жүзеге асыру үшін үлкен еңбек жұмсалды. Білім басқармасы мен облыс басшылығының қолдауының арқасында колледж базасында қолданбалы зерттеулер орталығы жұмыс істейді. Депутаттар бізге осы жобаны жүзеге асыруға көмек сұрап жүгінді. Жобаны әзірлеуге негізінен колледждің екінші курс студенттері қатысты. Жас мамандар наурыз айында жұмысты бастап, сәуір айының соңында алғашқы нұсқасын іске қосты, – дейді колледждің арнайы пәндер оқытушысы Светлана Олейник.

Жүйенің басты ерекшелігі – ол депутаттарға арналған әмбебап цифрлық анықтамалық ретінде жұмыс істейді. Жасанды интеллект мәслихат шешімдерін, мемлекеттік бағдарламаларды, заңнамалық құжаттарды, мемлекеттік жобалар туралы ақпараттарды және азаматтардың өтініштерін өңдеп, қажетті жауаптарды қалыптастыруға көмектеседі.

Сондай-ақ жүйе мемлекеттік жобаларды басқару жүйесімен интеграцияланған. Соның арқасында депутаттар жол құрылысы, мектеп салу, су құбыры тарту секілді жобалардың орындалу мерзімі, қаржыландыру көлемі, іске асырылу кезеңдері және жауапты тұлғалар туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде ала алады.

Жоба азаматтардың өтініштері бойынша талдау жүргізуге де мүмкіндік береді. Жүйе қай округте қандай мәселелер жиі көтерілетінін анықтап, депутаттарға проблемалық бағыттарды көрсетеді. Мысалы, белгілі бір ауданда балалар алаңдарына қатысты шағымдар көбейсе, жүйе бұл мәселені автоматты түрде саралап, тиісті статистикалық есептер қалыптастырады.

Виртуалды консультант депутаттардың азаматтармен жұмысын да жеделдетеді. Өтініш келіп түскен кезде жүйе қажетті заңнамалық негіздерді, құжаттар тізімін, мемлекеттік органдардың байланыс деректерін және ресми ақпарат көздеріне сілтемелерді ұсынып, жауап жобасын дайындайды. Соңғы шешімді депутаттың өзі қабылдап, жауапты нақтылайды.

Әзірлеушілердің айтуынша, жүйеге мемлекеттік органдар туралы мәліметтер, басшылардың байланыс ақпараты, заңнамалық база және өзге де қажетті ақпараттар енгізілген. Сонымен қатар, жоба жылдам жауап беру функциясымен жабдықталған.

–  Жүйенің басты артықшылығы – ол тегін, қосымша күрделі тіркеуді қажет етпейді және барлық қажетті ақпаратты бір жерге жинақтайды. Депутатқа құжаттарды іздеудің қажеті жоқ, барлық өзекті мәлімет әрдайым қолжетімді, – дейді жоба авторлары.

Кездесу барысында облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко мәслихаттарды жаңғырту жұмыстарының алғашқы нәтижелеріне тоқталып, соңғы жылдары азаматтардың өтініштерін қарау жеделдігі артқанын, депутаттық бақылау тетіктері жетілдірілгенін және халықпен өзара байланыс нығайғанын атап өтті.

Сондай-ақ ол виртуалды консультанттың табысты жұмыс істеуі үшін жүйені тұрақты түрде жаңа әрі өзекті ақпаратпен толықтырып отыру қажеттігін айтты.

Іс-шараға мәслихат төрағалары, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен жастар қатысты. Қатысушылар жаңа цифрлық өнімнің мүмкіндіктерімен танысып, жобаны одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді.