Павлодарда жүзден астам слоттық «симбокс» жабдығы тәркіленді
Прокуратура мен полиция қызметкерлері алаяқтық схемаларда қолданылған арнайы жабдықты заңсыз пайдалану фактісін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, «Айқын нәтиже» іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында прокуратура қызметкерлері полиция басқармасымен бірлесіп, алаяқтық схемаларда қолданылған мобильді құрылғылардың сәйкестендіру кодтарын алмастыруға арналған арнайы жабдықты заңсыз пайдалану фактісін анықтады.
– Пәтерлерді аралау барысында көпқабатты үйлердің бірінде тұрғын анықталып, оның үйінен 128 слоттық симбокс, «Tele2» және «Алтел» ұялы байланыс операторларының 115 Sim-картасы, 2 роутер және 32 ұялы телефон табылды, – делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 213-бабы 2-бөлігіне сәйкес, яғни абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру деректерін өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану және тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын және ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.