Павлодарда жол тазалайтын арнайы техника саны жеткіліксіз
Жол бойында 170 жуық адам тынымсыз еңбек етуде. деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мәлімдеуінше, облыс бойынша 70 дана заманауи техника жұмыс істеп тұр. Олар барлық бағыттағы жолдарды күні-түні тазалауда. Қыс мерзімі басынан Павлодар аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарға көктайғаққа қарсы 7 593 тонна құм мен тұз себілген.
Жалпы ұзындығы 1 662 шақырым жолдарға «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна», «Омск-Майқапшағай», «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер», «Павлодар-Успенка», «Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Курчатов» тас жолдарының учаскелері кіреді.
Жол пайдалану учаскелерінің басшылары әрдайым өзінің қарайтын аумағын жіті бақылауда ұстап, жолшылар мен арнайы техниканы қажетті жерлерге жолдап отырады, сондықтан тазалау жұмыстары уақтылы жүргізіледі.
Қазіргі таңда, жол тазалайтын арнайы техника жетіспейді. Жабдық жүктемені көтере алмай, істен шығады. Жөндеу үшін қосалқы бөлшектер мен жабдықтың бос тұруын күту техникалық қызмет көрсету мерзімін бұзады.
– Жыл басынан бері инженерлер қысқы жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру үшін 19 рет барды. 6 жол жөндеу учаскесі тексерілді. Тексеру барысында 7 жол учаскесінде қар мен көктайғақ түріндегі ақауларды анықтадық. Олардың көпшілігі дер кезінде жойылады, – деді филиал инженері М.Ниязов.
Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ПОҚ Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, автомобиль жолдарын жабу/ашу туралы шешімдер қабылдайды. Одан кейін Павлодар облысының Төтенше жағдайлар қызметі 112 қызметі арқылы халықты хабардар етеді.