Павлодардың трамвай өткелдеріндегі шұңқырлар уақытша жөнделе бастады
Шаһар басшысының тапсырмасымен қаланың ең қарбалас қиылыстарындағы шұңқырларды бетондау және уақытша бітеу жұмыстары жедел қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық трамвай басқармасы Назарбаев даңғылы мен Торайғыров көшесінің қиылысында шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл учаске қаланың көлік қозғалысы ең қарқынды және жүктеме түсетін негізгі тораптарының бірі саналады.
Күн жылынып, қар ерігеннен кейін қаланың кейбір көшелерінде және трамвай өткелдерінде шұңқырлар пайда бола бастады. Осыған байланысты шаһар басшысы трамвай басқармасына автокөлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұңқырларды уақытша бетондау тәсілімен бітеуді міндеттеді.
Жақын арада жоспарлы жөндеу жұмыстары келесі учаскелерде жалғасады: Назарбаев даңғылы мен Жаяу Мұса көшесінің қиылысы, Ломов және Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысы, Ломов көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысы, сондай-ақ «Метро» сауда үйі ауданынан мұнай өңдеу зауытына қарай беттейтін жол бөлігі.