Павлодарлық ғалым: Жаңа Конституция – Ұлы дала құқықтық дәстүрінің заңды жалғасы
Жаңа Конституция еліміздің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрінің тарихи сабақтастығын айқындайтын маңызды құжатқа айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл пікірді Марғұлан университетінің доценті, PhD докторы Айгүл Садықова білдірді.
Ғалымның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы – ел тарихындағы ерекше кезеңдердің бірі. Бұл құжат бүкілхалықтық қолдауға ие болып, Қазақстанның жаңа даму бағытын айқындады.
– Бұл саяси реформа ғана емес, мемлекетіміздің мыңжылдық даму жолының заңды жалғасы әрі жаңа тарихи дәуірдің бастауы. Жаңа Конституцияның негізінде Ұлы даладағы дәстүрлі құқықтық мәдениеттің сабақтастығы жатыр, – дейді Айгүл Садықова.
Оның сөзінше, Конституцияның преамбуласында Қазақстан халқының байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайтып, Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап келе жатқаны алғаш рет нақты көрсетілген. Бұл еліміздің саяси-құқықтық даму жолының тарихи негіздерін ресми түрде бекіткен маңызды қадам саналады.
Сарапшы жаңа Конституцияның идеялық бастауы қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесінен өрбитінін атап өтті. Оның ішінде XVI ғасырдағы Қасым ханның қасқа жолы, XVII ғасырдағы Есім ханның ескі жолы және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мемлекетті басқарудың құқықтық негіздерін қалыптастырған тарихи құжаттар ретінде бағаланады.
Айгүл Садықова тәуелсіздік жылдарындағы конституциялық реформаларға да тоқталды. Оның айтуынша, 1993 жылғы алғашқы Конституция өтпелі кезеңнің талаптарына жауап берсе, 1995 жылғы Конституция мемлекеттілікті нығайтып, нарықтық экономиканың негізін қалады.
– Бүгінде қалыптасқан жаңа конституциялық модель тарихи дәстүрлер мен заманауи демократиялық құндылықтардың үйлесімін көрсетеді. Жаңа Ата заң демократиялық үдерістерді тереңдетуге, қоғамдық келісімді нығайтуға, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған, – деді ғалым.
Сарапшының пікірінше, жаңа Конституция ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, Қазақстанның саяси-құқықтық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.