Павлодарлық әнші микрофонсыз-ақ семейліктерді вокалдық өнерімен тамсандырды
Ол 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар музыкалық колледжінің «Дәстүрлі ән» бөлімінің 4-курс студенті, Рамазан Махамбет Семей қаласында өткен «Жалғыз арша» республикалық дәстүрлі әншілер байқауында жоғары өнер көрсетіп, дипломант атанды.
Жас әншінің табиғи дауыспен орындау шеберлігі, дауыс диапазоны және сахналық мәдениеті қазылар алқасының ерекше бағасын алды.
Бұл байқау Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 80 жылдық мерейтойына арналған өнер апталығы аясында ұйымдастырылды. «Жалғыз арша» сайысының басты ерекшелігі – әншілердің микрофонсыз, таза табиғи дауысымен өнер көрсетуі. Талап әр қатысушының кәсіби деңгейін, вокалдық мүмкіндігін және орындаушылық мәдениетін айқын көрсететін маңызды сынақ болды.
Рамазан Махамбеттің халық әндерін нақышына келтіре орындауы, сахнадағы сенімділігі мен ерекше үні оны көптің ішінен даралап, талантын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл жеңіс – жас әншінің еңбегі мен ұстазының кәсіби жетекшілігінің жемісі.