Павлодарлық боксшылар елордадан медальдармен оралды
Жарыста бірнеше жас санаттағы спортшылар бақ сынады, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанада бокстан төрт күндік республикалық турнир ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 8-15 жас аралығындағы жүзден астам боксшы қатысты. Павлодар намысын білім бөлімінің «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының алты тәрбиеленушісі қорғады.
Балалар жаттықтырушысы Ертай Жәменкеновтің айтуынша, жарыс қауіпсіздік пен спорттық регламент талаптарын сақтай отырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлық жекпе-жектер жарқын түрде жүзеге асты. Әр қатысушы тек дене күшін ғана емес, тактикалық шеберлігін де көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша павлодарлық жетістіктер қоржыны түрлі номинациядағы алты медальмен толықтырылды. Тұғырдың бірінші сатысына Әділхан Манғұтов пен Азамат Оразбай көтерілді. Азамат – республикалық, облыстық және қалалық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы.
Дидар Мағзұмов пен Мансұр Бейсембаев күміс медаль иегерлері, Берік Әбілмансұр мен Ертай Нұртай қола жүлдегерлер атанды.