Павлодарлық оқушылар колледжде тегін тігін курсына қатысты

Павлодарлық оқушылар колледжде тегін тігін курсына қатысты
Фото: Автор

Сонымен қоса шаштараз өнері бойынша тәжірибелік курстардан өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінде қалалық мектептердің 8-9-сынып оқушыларына арналған жазғы кәсіптік бағдар беру лагері ұйымдастырылды. Бұл бастама жасөспірімдерге болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектеседі.

Лагерь аясында оқушылар шаштараз өнері мен тігін өндірісі негіздері бойынша тәжірибелік курста балалар жазғы киім үлгілерін тігіп үйреніп, шаш үлгісін жасаудың бастапқы тәсілдерін меңгерді.

– Курсты жылда өткізіп тұрамыз. Бес күндік сабақты өндірістік оқытудың тәжірибелі шеберлері өткізеді, – дейді колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Мұқанова.

Оның айтуынша, оқушылар үшін курс тегін ұйымдастырылады, қатысушылардың қызығушылығы мен белсенділігі жоғары, кәсіптік бағыттағы алғашқы қадамдарын жасап көрген балалар шарадан үлкен әсер алған.

Курс соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл құжат оларға колледжге конкурстан тыс, тегін негізде түсу мүмкіндігін береді. Болашаққа сенімді қадам жасауға жол ашқан бұл лагерь оқушылардың таңдау жасауына бағыт-бағдар беріп, кәсіби өсудің жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.