Павлодарлық өрт сөндіруші көпқабатты үйдегі өрттің алдын жалғыз өзі алды

Павлодарлық өрт сөндіруші көпқабатты үйдегі өрттің алдын жалғыз өзі алды
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Иелері қосулы тұрған плитаның үстінде тосабы бар кастрюльді ұмытып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 3 тамызда №4 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Марлен Әбенов тұратын Шоқин көшесі, 169/1 мекенжайындағы үйде болған. Ауысымнан кейін үйінде демалып жатқан Марлен екінші қабаттағы пәтердің терезесінен түтінді байқайды.

– Жағдайды дереу бағамдаған ол көршілерінен жедел қызметтерді шақыруды өтініп, өзі пәтердің есігін қаққан. Алайда жауап болмаған соң, бір минут та жоғалтпай, терезеден ішке кіріп, пеш үстіндегі жанып жатқан тосабы бар кастрюльді алып тастап, плитаны өшіріп, бөлмеде адамдардың бар-жоғын тексерген. Кейін өрт сөндірушілер мен пәтер иелері келгенге дейін пәтерді желдетуді бастаған, – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Марлен Әбеновтың жедел әрі сауатты әрекеттерінің арқасында өрттің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болды. Оның нағыз кәсіби әрекеті куәгерлер мен көршілердің құрметі мен ризашылығын тудырды.

Ал пәтер иесі Қазақстан Республикасы ТЖМ қатарында қызметтен тыс уақытта да төтенше жағдайларда көмекке келуге әрдайым дайын мұндай ержүрек мамандардың бар екеніне алғыс білдірді.