Баянауылдық қылқалам шеберінің картиналары Ұлттық музей төрінде көрсетілді

Баянауылдық қылқалам шеберінің картиналары Ұлттық музей төрінде көрсетілді
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Көрме 8 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде Қазақстанның Халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтың 100 жылдығына арналған көрменің салтанатты ашылуы өтті. 

Вернисажға Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан қатысты. Ол облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожиновтың атынан Ұлттық музей басшылығына құттықтау хатын табыс етті. Көрмеге Н. Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музей қорынан 31 туынды қойылды. 

Еліміздің жетекші музейлерінің қорынан 50-ге жуық туындыны қамтитын экспозиция екі тақырыптық бөлімнен тұрады: «Туған өлкенің пейзаждары» және «Еңбек пен құрмет: еңбек адамдарының портреттері». Олар суретшінің туған жерімен және оның адамдарымен терең байланысын айқын көрсетеді. Н.Нұрмұхаммедовтың халықаралық алаңдарда қойылған жұмыстары қазақстандық бейнелеу өнерінің символы болып саналады.

Көрменің ашылуына суретшінің, өнертанушылар мен мәдени қайраткерлердің қазақстандық мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесі туралы өз ойларымен бөлісті.

Барлық ниет білдірушілер шебердің кескіндеме жұмыстарының толық қуатын көрсететін экспозицияны 8 желтоқсанға дейін тамашалай алады.