Екібастұзда типтік ғимарат «шекарасыз» балабақшаға айналдырылады

Екібастұзда типтік ғимарат «шекарасыз» балабақшаға айналдырылады
Фото: Екібастұз қаласының білім бөлімінен

Мектепке дейінгі мекеме жаңа жылдан бастап жұмысын бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында Мәшһүр Жүсіп көшесі, 126а мекенжайында орналасқан балабақшаның қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, бұл балабақша дамуында кідірісі бар балаларға арналған.

Ғимарат 1987 жылы салынған, жалпы аумағы 2718 шаршы метрді құрайды. Балабақша 150 баланы қабылдауға лайықталған. Жаңа инклюзивті балабақшада психикалық дамуы кешеуілдеген, тірек-қимыл аппараты, зияткерлік дамуы мен әлеуметтік өзара әрекеттесуінде ерекшеліктері бар балаларға арналған сегіз топ ашу жоспарланып отыр.

Балабақшаны қайта жаңғырту жұмыстары жеке инвестордың қаражаты есебінен жүргізілуде. Билік органдарымен өзара іс-қимыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Мердігер ұйым – «СтройТех-PVL» ЖШС. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, 2026 жылдың тамызында аяқталады деп жоспарланған.

– Қазіргі таңда ескі жабдықтар мен жиһаздар толықтай алынып тасталды. Жаңа терезелер орнатылды, шатырды жөндеуге арналған құрылыс материалдары сатып алынды. Сыртқы инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді мердігер компанияның өкілі.

Сонымен қатар Асайын Байханов жаңа тұрғын үйлер салынып жатқан құрылыс алаңына да барды. Аян Бейсекиннің айтуынша, инвестиция көлемінің артуы тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуына серпін беріп отыр.

– Мысалы, 2023 жылы 75,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 100 мың шаршы метрге жетті. Әлеует әлі де жоғары. Алдағы жоспарларымыз көңіл қуантады: 2026 жылы тек бюджет қаражаты есебінен бес қабатты төрт тұрғын үй саламыз. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар тағы бес үй тұрғызады. Ал 2027 жылы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде 16 тұрғын үй немесе 1500-ден астам пәтер пайдалануға беріледі, – деді Екібастұз қаласының әкімі.

Аян Бейсекиннің атап өтуінше, Екібастұзда құрылыс жүргізуге арналған жеткілікті жер қоры бар – шамамен 400-500 мың шаршы метр. Бұл алдағы төрт-бес жылға белсенді тұрғын үй құрылысын жүргізуге мүмкіндік береді.