Екібастұздықтарға ыстық су қашан беріледі

Қала әкімі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын барлап шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аян Бейсекин Instagram парақшасында мәлімдегендей, қаланың жылу желілерін жаңғырту жұмыстары және Екібастұз ЖЭО-дағы негізгі және қосалқы жабдықтардың жөндеуі жоспарға сәйкес іске асуда.
– 2-ЖМ жылу магистралінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, жаңадан орнатылған құбыр сәтті гидравликалық сынақтан өтті. Енді мердігер ұйымға кері көму және аумақты толық абаттандыру міндеті жүктеліп отыр. Ал 7-ЖМ-де де негізгі жұмыстар аяқталған. Құбырдың бүтіндігі қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта жылу камераларын қаптау және жабу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекемеге абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау тапсырылды. Жүйе толтырылып, гидравликалық сынақтардан өткен соң, шамамен 10 тамыздан кейін кезең-кезеңімен ыстық су беру жоспарлануда, – деп жазды шаһар басшысы әлеуметтік желіде.
Әкімнің айтуынша, Екібастұз ЖЭО-да жөндеу науқаны бекітілген құрылыс-монтаж жұмыстары кестесіне сәйкес жүріп жатыр. Жылыту маусымының басына дейін 7 қазандық агрегат дайын болады. Қалған агрегаттардағы жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталмақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram