Отбасылық тыныштықты бұзған Май ауданының тұрғыны темір торға тоғытылды
Аудандық полиция бөліміне көмек сұрап жергілікті тұрғын жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әйелдің айтуынша, оның жұбайы үйге мас күйінде келіп, бейәдеп сөздер айтып, отбасы мүшелеріне айқайлаған. Тіпті үй ішіндегілердің сабырға шақырған ескертулеріне де құлақ аспай, жанжалды өршіте түскен.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында құқық бұзушының бұған дейін де заңмен қиындығы болғаны анықталды. Май ауданы полиция бөлімінің инспекторы Айдана Назарбекованың айтуынша, бұл азаматқа қатысты сот шешімімен 11 ай мерзімге алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салатын ерекше талаптар қойылған екен. Алайда ол заң талабын белден басып, кезекті рет отбасындағы тыныштықты бұзған.
Сот материалдарды қарап, ер адамды 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, жәбірленуші әйел мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы бекітілді. Бұл құжат құқық бұзушыға осы уақыт ішінде жәбірленушіге жақындауға немесе байланысуға тыйым салады.