Павлодар колледжінде директордың орынбасары робот болады
Қазіргі уақытта ерекше қызметкер әзірлену үстінде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа оқу жылынан бастап Павлодар ақпараттық технологиялық колледжінде құлтемір жұмысын бастайды деп жоспарлануда.
Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің директоры Серік Джартыбаевтың айтуынша, болашақ «директордың орынбасары» әзірге тапсырыс беру сатысында.
– Робот Қытайда павлодарлық мамандар әзірлеген жеке техникалық тапсырма бойынша жасалады. Қазір бірегей техникалық сипаттамасын дайындап жатырмыз. Бұл – зерттеу жұмыстарын өз бетінше жүргізе алатын маман-робот болады. Біз оны өз қажеттіліктерімізге сай бағдарламалап жатырмыз, – деді колледж директоры Серік Джартыбаев.
Гуманоидтың алғашқы таныстырылымы тамыз айында педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесі аясында өтеді деп жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін робот толықтай бағдарламаланып, жұмысқа дайын болады.
Электронды директор орынбасарының нақты қандай міндеттер атқаратыны әзірге толық анықталған жоқ. Қазір мамандар оның функционалын жетілдіру үстінде. Робот іске қосылғаннан кейін ғана жасанды интеллекттің әкімшілік қызметкердің міндеттерінің бір бөлігін қаншалықты тиімді атқара алатыны белгілі болады.
Әрине, робот адамды толықтай алмастыра алмайды. Дегенмен, құжаттарды талдау, ақпаратты өңдеу, кеңес беру және бірқатар ұйымдастырушылық жұмыстарды цифрлық көмекші атқара алады.
Колледжде жасанды интеллект цифрлық жобалардың негізіне айналған. Мұнда жасанды интеллект бағытында 50-ге жуық қолданбалы жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жаз мезгілінде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған бағдарламалау, машиналық оқыту және заманауи технологияларды меңгеруге бағытталған тегін бейінді лагерь жұмыс істейді.
Осы мақсатта колледжде өңірдегі ең қуатты есептеу алаңдарының бірі құрылған. Мұнда Павлодар облысындағы жасанды интеллекттің ірі модельдерін жергілікті деңгейде іске қосуға мүмкіндік беретін NVIDIA платформасындағы жалғыз мамандандырылған жұмыс станциясы орнатылған. Компьютер 128 гигабайт жедел жадымен, жоғары өнімді бейнекартамен және көлемі төрт терабайт болатын деректерді сақтау жүйесімен жабдықталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай техникалық мүмкіндіктер көлемі 200 миллиард параметрге дейінгі нейрожелілерді іске қосуға мүмкіндік береді. Салыстырмалы түрде алғанда, кәдімгі дербес компьютерлер тек шағын модельдермен жұмыс істей алады, ал смартфондардың мүмкіндігі одан да төмен. Нейрожелінің параметрлері неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым күрделі тапсырмаларды орындайды. Сонымен қатар, ақпаратты дәлірек талдап, сапалы жауап ұсына алады.
Колледж студенттері де өз жобаларын белсенді әзірлеуде. Соңғы әзірлемелердің бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге депутаттарға көмектесетін «Виртуалды цифрлық кеңесші» қосымшасы.
Платформаны колледждің екінші курс студенттері жасаған. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және ресми құқықтық ресурстармен, оның ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесімен біріктірілген. Соның арқасында пайдаланушы барлық өзекті әрі тексерілген ақпаратты бір терезе қағидаты бойынша ала алады.