Павлодар музейінде бұғының таза мүйізінен жасалған ұршық сақтаулы
Жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналған жеңіл аспаптың бір ғасырға жуық тарихы бар, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, қазіргі уақытта этнография залында орналасқан ұршықтың басты ерекшелігі – басы бұғының таза мүйізінен шеңбер тәрізді дөңгелене жасалуында.
– Ортасына арнайы ұршықтың қызыл ағаштан жасалған сабы еніп тұратын қондырғы орнатылған. Бұл ұршықты Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Жазаба ауылында тұрған Құмархан Қазкеновтің үлкен әжесі Жамал апа ұстаған, – дейді Жеңісбек Қадырұлы.
Ол кісі өмірден өткеннен кейін ізін жалғастырған қызы Тұрсын Зияденқызы осы ұршықпен жіп иіру арқылы сырмақ, алаша, қолғап және басқа да қажетті бұйымдарды тоқыған. Ал 2012 жылы ұрпағы Құмархан Асқарұлы Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына сый ретінде тапсырған.
Бүгінде көнеден келе жатқан жәдігер – ұршық иіру, жүн түту өнерін жақсы меңгерген әжелердің қатары сирек кездеседі. Олардың бірі Аққулы ауданының 82 жастағы тұрғыны Жауаш Тастемханова әлі де тоқыма тоқиды. Қолы іс білетін ақ жаулықты әже жас кезінде өзі жүн түтіп, ұршықпен жіп иіру арқылы балаларына шұлық, қолғап, кеудеше тоқығанын еске алады.
– Бұрында тамыз ортасында қоңыр күздің ызғары сезіле бастағанда жаппай ұршық иіріп, тоқыма тоқуды бастап кететінбіз. Осылайша қар түскенге дейін үй ішін жылы қолғап, шұлық, бас киіммен толық қамтып қоятын едік. Сырттай қараған адамға бұл іс өте жеңіл болып көрінуі мүмкін, дегенмен орның артында қаншама еңбек жатыр. Ал қазіргі таңда барлығы дайын, дүкеннен сатып алуға болады, – дейді зейнеткер.
Бүгінде ол немерелері мен жиендеріне өзінің білгенін айтып, жіппен тоқыма тоқу өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді.