Павлодар облысында 200 шақты жылыту пункті дайындалды
Қысқы кезеңдегі іс-қимылдарға дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев мәлім етті.
– Облыс басшылығымен қысқы кезеңге дайындық кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Оған сәйкес барлық дайындық іс-шаралары орындалады, – дейді Олег Трещев.
Спикердің айтуынша, өткен жылдардың қысқы кезеңдерін талдауды ескере отырып, жалпы ұзындығы 700,3 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 257 қар басатын учаске анықталды.
Жергілікті атқарушы органдар 200 шақты жылыту пунктін дайындады. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының күштері мен құралдарының жалпы топтамасы айқындалды: жеке құрамнан 2031 адам, 417 қар тазалау техникасы, 325 инженерлік техника, 136 эвакуациялық техника, 132 басқа да жоғары өтімді техника.
7-14 қыркүйек аралығында ТЖД қызметкерлері «ҚазАвтоЖол»ҰҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалымен бірлесіп, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға жол-пайдалану басқармаларын дайындау бойынша комиссиялық тексерулер жүргізді.
Комиссиялық тексеру барысында көктайғаққа қарсы материалдардың қорлары, тұз, құм және реагенттер тексерілді, 10 қоймада көктайғаққа қарсы материалдардың қорлары 144820 текше метрге дейін құм, 4296 тонна тұз дайындалған.
Айта кетерлігі, қысқы кезеңнен қауіпсіз өту мәселесі ерекше бақылауда, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.