Павлодар облысында АӘК тағайындауға құжаттарды қабылдау басталды
Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен тұрғындарға тағайындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті екінші тоқсанға тағайындауға құжаттарды қабылдау жүзеге асырылады.
– Өңірде кедейлік шегінің мөлшері екінші тоқсанда 32 655 теңгені, ал бірінші тоқсанда күнкөріс шегінің ең төмен деңгейі 46 650 теңгені құрады, – деді басқармада.
АӘК алуға үміткер адамдар (отбасылар) тұрғылықты жері бойынша карьерлік орталықтарға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгіне алады. Сондай-ақ, баламалы негізде ЭЦҚ болған кезде үйден шықпай-ақ «Электрондық үкімет порталы» арқылы өтінім бере алады.
– Интернетке қолжетімділігі жоқ адамдар үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, мансап орталықтардың, облыстың қалалары мен аудандарының ауылдық округтерінің әкімдіктерінің жанынан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары қарастырылған, – деді басқармада.
Өтініш берген кезде сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет.