Павлодар облысында діннен адасқандар қайда жүгіне алады?
Бұл мәселемен мешітке жүгінгендер де аз емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов мәлім етті.
– Бүгінгі таңдағы өзектілігін өшірмеген мәселелердің бірі – өзге дінге, өзге бағытқа түсіп кету. Осы мәселе үшін облысымызда конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы жұмыс атқаруда, – дейді Балтабай Қаппасов.
Облыстың бас имамы Жолдас Бертімұратовтың айтуынша, бүгінгі таңда осы мәселе бойынша мешітке келіп көмек сұрайтындар да жоқ емес. Олар мешітке келіп, намазды қалай дұрыс бағытта оқуды, Құран оқуды үйрене алады.
– Біз оларға Ислам діні Ханафи мазхабының, яғни тіркелген, дәстүрлі бағытымыз жайлы түсіндіріп, сол бағытқа келуіне көмектесеміз. Мешітке келіп, досының теріс үйреткенін, намазды басқаша іс қимылдармен оқитынын айтып келгендер де бар. Мешітіміз әрдайым ашық, кез келген діни сұрақтарға жауап беруге дайынбыз, – дейді облыстың бас имамы Жолдас Бертімұратов.
Оның айтуынша, облыста 100-ден аса мешіт бар. Елімізде әртүрлі діндер болса да шаңырағымыз біреу – Қазақстан елі. Сондықтан еліміздің дамып, жоғары деңгейге көтерілуі әрбір азаматқа байланысты. Олардың ішінде дін қызметкерлерінің орны ерекше болып табылады.
– Біздің мемлекетіміз зайырлы болса да дінге ешқандай қысым көрсетілмейді, керісінше еркіндік беріледі, адамға таңдау беріледі. Дегенмен ол таңдау адамды адасушылыққа апармау керек. Дұрыс жолмен жүретін болса, екі дүниенің бақытын табады. Еліміз аман болу үшін діндарлар жамағатымызды бірлік пен ынтымақты, Алланың берген үлкен нығметі – Тәуелсіздіктің қадірін білуге шақырады. Әр адам осы елдің азаматы екенін сезініп, пайдасын тигізуі керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ең жақсы адам кім?» дегенде «Адамдарға көп пайдасы тиген адам» деген, – деп түйіндеді Жолдас Бертімұратов.
Егер де сіз таныстарыңыздың, жақындарыңыздың немесе өзіңіздің бойыңыздан діннің теріс ағымдарының белгілерін байқасаңыз, мешітке немесе 60-01-01 телефон нөмірі бойынша конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығына жүгіне аласыз.