Павлодар облысының ауылдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылуда
Оны қосу үшін үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жасалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің сөзінше, қазіргі таңда өңірдің 352 ауылдық елді мекенінің 343-і ұялы байланыспен, ал 350 ауыл мобильді және тұрақты интернет желісімен қамтылған. Тек тоғыз ауылда ұялы байланыс, және екі ауылда интернет жоқ.
– Алайда осы жылдың өзінде тоғыз ауылдың жетеуіне OneWeb және KazSat спутниктік интернет жүйелері орнатылды. OneWeb жүйесі арқылы облыстың 13 ауылында қоғамдық интернет нүктелері орнатылды. Бұл қондырғылар арқылы бір мезгілде 50 адамға дейін қосыла алады, – деді ол.
Бұл қоғамдық интернет нүктелері ауыл орталығына орнатылады. Тұрғындар сол маңда қосыла алады. Егер үй жақын болса, сигнал қабылдай алады, бірақ шалғай үйлерде сигнал әлсіз болады.
Басқарма басшысы атап өткендей, ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз ету үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші кезекте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту. Екінші кезекте байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері арқылы антенна-мачталық құрылымдар орнату және үшінші кезекте «қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде ауылдарды кеңжолақты интернетке қосу.
– 2023 жылдың қазан айында Үкімет ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жаңа қаулы қабылдады. Соған сәйкес, облыстың 207 ауылдық елді мекені жоба тізіміне енді. Биылғы жоспар бойынша 53 ауылға оптикалық желі тартылуы тиіс еді, алайда қазіргі уақытта үш елді мекенде ғана жұмыстар толық аяқталды, – деді Ағыбай Әмірин.
Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес, елді мекендерде антенна-мачталық құрылымдар мен базалық станциялар орнатылуда.
Алайда кей ауылдарда бұл жұмыстар кешігіп жатыр.
– Атап айтқанда, Май және Успен аудандарындағы үш елді мекенде байланыс операторлары базалық станцияларды уақытында орнатпаған. Бұл мәселе бойынша біз операторлармен келіссөздер жүргізіп, жыл соңына дейін орнатуды міндеттедік, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Оның айтуынша, жаз айларында орын алған қатты жел салдарынан кей өңірлерде антенна-мачталық құрылымдар бүлінген. Әсіресе Ақсу аймағында үш оператордың базалық станциялары істен шыққан. Қазіргі таңда Beeline өз жабдығын қалпына келтірсе, Tele2 мен Kcell 2026 жылға арналған жаңа станция құрылысының экономикалық негіздемесін дайындауда.