Павлодарда Қуат Әбусейітовке арналған мемориалдық тақта ашылды

Павлодарда Қуат Әбусейітовке арналған мемориалдық тақта ашылды
Фото: автор

Ол алғаш білім нәрімен сусындаған Абай гимназиясына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Абай атындағы гимназия қабырғасында қазақ кино өнерінің дамуына, әсіресе аударма және дубляж саласына өлшеусіз үлес қосқан кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуат Әбусейітовке арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.

Шараға өңірдің зиялы қауымы, қала қонақтары, мектеп ұжымы, өнер және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Бұл –  туған жеріне адал қызмет еткен, ұлттық өнерді ұлықтаған тұлғаның еңбегіне көрсетілген шынайы құрмет.

Қуат Әбусейітовтің шығармашылық жолында 20-ға жуық көркем фильм түсіріп, 500-ден астам картинаны қазақ тіліне дубляждады. Жары Майра Байжұманқызымен бірге мыңға жуық фильмнің дыбысталуына еңбек сіңірді. Ол тек дубляж режиссері ғана емес, түрлі жанрда жұмыс істеген әмбебап өнер иесі еді. Жүректен шыққан еңбектері арқылы қазақ көрерменін әлемдік кино жауһарларымен ана тілінде қауыштырды. Шара барысында облыс әкімінің  орынбасары Айгүл Мәлікова сөз сөйлеп, өз тілегін айтты.

– Қуат Әбусейітов – туған жері Павлодар өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Ол кәсіби шеберлікті адамгершілікпен ұштастырып, қазақ көрерменін әлемдік кино қазынасымен ана тілінде қауыштырды. Өнегелі өмірі мен шығармашылығы – жас ұрпаққа шабыт пен бағыт-бағдар, – деді ол өз құттықтауында. 

Салтанатты шарада сөз алған қызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова әкесінің өмірлік ұстанымдары мен отбасылық дәстүрлері жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

– Әкеміз бізге туған жерді сүюді, оны ардақтауды үйретті. Біз бала күнімізден жыл сайын Баянауылға барып, Мәшһүр Жүсіп атамыздың басына зиярат етуді дәстүрге айналдырдық. Ол кісі жан-жақты өнерпаз еді – домбыра, скрипка, аккордеон, пианино секілді бірнеше аспапта шебер ойнады. Музыка мен өнерге деген сүйіспеншілігін бізге де дарытты. Әкемнің бойындағы табандылық, ізденіс пен адалдық – біз үшін мәңгілік үлгі, – деді қызы Меруерт Әбусейітова.

Режиссердің шығармашылық қоржынында қазақтың ұлы тұлғаларына арналған ондаған туынды бар. Оның ішінде академик Қаныш Сәтбаев, драматург Жүсіпбек Аймауытов, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы түсірілген фильмдер ұлт тарихында ерекше орын алады.

Мемориалдық тақта орнатылған мектеп ұжымы үшін бұл – мақтаныш пен жауапкершілік. Өйткені дәл осы қабырғалардан қанаттанған Қуат Әбусейітовке өз таланты мен еңбегі арқылы қазақ киносының тарихына алтын әріппен жазылды.

Жиналған қауым режиссердің рухына тағзым етіп, оның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасы болашақ ұрпаққа шабыт пен өнеге болатынын атап өтті.