Павлодарда шылым шегу кесірінен жалдамалы пәтерден өрт шықты
Алкогольді мас күйіндегі пәтер жалдаушы ауруханаға жатудан бас тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 ақпанда сағат 23.32-де «101» пультіне Мәшһүр Жүсіп көшесі, 17 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің бірінші кіреберісіндегі төртінші қабаттағы пәтерден түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен.
ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері келгеннен кейін төртінші қабатында орналасқан бір бөлмелі пәтерде үй заттарының жанғаны анықталды. Жедел құтқару жасағының қызметкерлері пәтерге кіріп, мас күйіндегі ер адамды құтқарды.
– Өрттің жалпы ауданы 0,2 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ баспалдақпен сегіз адам эвакуацияланды, оның ішінде екеуі – бала. 10 адам баспалдақпен өздігінен сыртқа шықты. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері пәтер жалдаушыны тексеріп шықты, – деді департаментте.
Тілсіз жау сағат 23.47-де оқшауланып, сағат 23.49-да толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге Павлодар облысы ТЖ департаментінің 19 қызметкері және алты техника жұмылдырылды.