Павлодарда тұңғыш рет ұршық фестивалі өтеді
«ҰРШЫҚ FEST» Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Фестивальді Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі өткізеді. Оған облыстың түпкірін-түкпірінен отандық өнімді қолдайтын және ел экономкасын дамытуға өз үлесін қосамын деген ұршық иіру шеберлері қатысады.
– Фестивальге қатысу үшін әлеуметтік желідегі @pavl_muzei, @creations_from_uassilya, @pavl_muzei және @creations_from_uassilya парақшаларына жазылу керек. Сондай-ақ посттың астына ұнату белгісін қойып, телефон нөміріңізді көрсетесіз және пікірге «Қатысамын» деп жазу керек, – дейді ұйымдастырушылар.
Бұдан бөлек, өзіңіздің инстаграмм парақшаңызға репост жасап, @pavl_muzei, @creations_from_uassilya, парақшаларын атап өтіп, үш досыңызды белгілеу керек.
Айта кетейік, ұршық – жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналған жеңіл аспап, жіп иіретін құрал. Ағаш, мүйіз, құс, тас, сүйек (түйе мен өгіздің ортан жілігінің айдар басы), қорғасын сияқты материалдардан жонып жасалған ұршық басы дөңгелек немесе жарты шар тәрізді болады, оның ортасына сап өткізетін тесігі орналасады. Сабы ұршық басынан 3-4 см шығып тұрады, оған жіп жүретін иіретілген ойық жол жасалынады. Кейде басына бір елі қашықтықтан соң мұрындық (ши, шырпы) орналастырылады. Ұршықпен қап, дағар, алаша, басқұр, терме бау, шекпен, т.б. тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектерге арнап жіптер тоқылған. Аз жіп иіруге арналған ұршықтың басы жеңіл, сабы қысқа етіп жасалады.
Жіп иірудің екі түрлі құралы бар. Бірі – ұршық болса, екіншісі – аяқпен айналдыратын жіп иіруіш. Сондай-ақ жүн иірудің де екі әдісі бар екен. Бірі – шүйдені сол қолдың сыртына іліп қойып иірсе, келесі – шүйдені жоғарғы үйдің қабырғасына іліп қойып иіру. Бұл әдіс саусақтардың ширек қимылдауын керек етеді.